Орталық Азияның транзиттік әлеуеті

 Орталық Азияның транзиттік әлеуеті

Орталық Азияның жаһандық транзиттік торапқа айналуының әлеуеті зор. Бұл жоспар ойдағыдай іске асуы үшін аймақтағы елдер алдымен өзара алыс-берісті қамтамасыз ететін көлік дәліздерін жетілдіру, транзиттік жол тармақтарын тоғыстыру және шекаралық өткелдер қызметін оңтайландырып алуы тиіс. Осы сынды мәселелердің басын қайыру қамында Орталық Азияның сала мамандары Астанада бас қосты. Сарапшылар бұл орайда кәрі және сары құрлықтарды байланыстырушы көпір іспетті Қазақстанға үлкен сенім артылуда екенін тілге тиек етуде. Себебі Азия мен Еуропа жүк тасымалының дені біздің еліміз арқылы өтеді. Бүгінде жергілікті тарап әлемнің 40-қа тарта мемлекетін түйістіретін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансқұрлықтық көлік магистралі жобасының өзіне тиесілі бөлігін аяқтауға таяп қалыпты. Жалпы елімізде транзиттік тасымалдың сапасына сай  екі жарым километрге тарта халықаралық жол төселген.

САНАТ КӨШКІНБАЕВ - ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ  ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Әлемдік тауар айналымы қарқын алды. Бұл ретте Еуропа мен Азия арасындағы байланыс негізінен теңіз жолдарымен жүргізіледі. Біз оған бәсеке бола алмасымыз анық. Бірақ, оның баламалы жолдары бар. Мәселен, Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдау ең алдымен уақытты үнемдейді. Теңізді кешкенде 45-60 күнде баратын тауарды 2 аптада діттеген жерге жеткізуге болады.

Бүгінде Орталық Азия елдері бірлескен транзиттік бағыт қалыптастыру үшін көлік қатынасын әртараптандыру ісін қолға алды. Қазақстаннан Түркменстанға, одан әрі Иранға контейнерлік жүк жеткізу жағы жолға қойылған. Енді Өзбекстан осы жүйеге қосылып, қатысушылармен көлік коммуникациясын дамытуды көздеп отыр. Тараптар өзара жол картасын құрып қойған.

АЗИЗ РАСУЛОВ, ӨЗБЕКСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ АЙМАҚАРАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Қазіргі таңда Өзбекстан-Түркменстан-Иран-Оман елдерін біріктіретін ауқымды жоба іске асырылуда. Аймақтық бастаманың қатысушысы атануға қазақстандық әріптестерімізде ниеттерін білдіріп жатыр. Бізді бұл ұсыныс қуантпай қоймады. Өзбекстанның Қазақстанның оңтүстік бағыттағы жолдарына қызығушылығы зор. Мемлекеттеріміз  теңіз портарынан шалғайда орналасқан. Сондықтан әлемдік нарыққа шығудың жолдарын бірге іздеу екі жаққада тиімдірек болады. 

Қазақстан арқылы өтетін жүк тасымалы жыл сайын 10-12 пайызға артуда. Өйткені, Қытайдан Еуропаға, Ресейден Орталық Азияға баратын жүк көлемі ұлғайып отыр. Мәселен, алдағы 2 жылда еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 2 миллион контейнерге жетеді деп жоспарланған. Мамандардың бағалауынша, еліміз 2020 жылға дейін транзиттен 5 млрд доллар пайда табады. 


×