Маңғыстау өңірінің туристік әлеуеті

Әйгерім Әкімжанова, тілші:

-Жахандық өркениетке жұтылмаған жабайы табиғат көрінісі, табиғи көркем ландшафтар – бұлар  жыл сайын Маңғыстау облысына әлемнің әр түкпірінен жүз мыңдаған туристерді тартады.  Ұлы Даланың ежелгі тарихының куәсі, қазақ жерінің кеңдігі, байлығы, ұлан-байтақтығының дәлелі дәл осы Маңғыстау өлкесі. Бозжыра шатқалы - бүгінде жиһанкездердің сүйікті мекендерінің біріне айналып үлгерген. Айта кетейік, шатқал облыстағы туристік орындардың ТОП-10-дығында  бірінші орынға ие.

Маңғыстау облысындағы   ерекше әрі  қасиетті жерлердің қатарында ұлы Үстірт алқабында орналасқан ғарыштың жердегі бір бөлігі іспетті Бозжырадан өзге, Қарақия ойпаты, Айрақты-Шоманай қамалдар алқабы, Шерқала тауы және Қызылқұп шатқалы да бар. Аса биік емес Қызылқұп жоталары шағыл құммен жалғасып, алыстан көз арбайды. Құс ұшар биіктіктен қарар болсақ, кей  жерлерде ертегідегі сегізаяққа ұқсаса, ал кей жерлердегі келбеті кесілген тортқа келетіндей.  Осыдан болар жергілікті  халық шатқалды Маңғыстау Тирамисуі деп атап кеткен.

Людмила Коровина, экскурсовод:

-Мұнда саяхаттау арқылы бұрын Тетис мұхитында болған олжаларға кезігуге болады, сонымен қатар аммониттер мен акулалардың тістері де табылып жатады. Жапониядан туристер көп келеді, одан кейін Италиядан келетін жиһанкездер өте көп. Өзге елдерден де туристер айтарлықтай қызығушылық танытуда.

Аймақта орналасқан көрнекті жерлердің, қорымдардың, жерастында орналасқан киелі орындардың кем дегенде бірнешеуін көру үшін бір күн жеткіліксіз. Оның үстіне саяхатшыларды жолдың нашарлығы да, алыс жол да, ауа райының  қолайсыздығы да  тоқтата алар емес. Мысалы, әйгілі Торыш домалақ тастары алқабына жету үшін қаладан шығып, жартылай шөл дала арқылы 100 шақырымдай жүру керек.Десе де көз алдыңда ашылатын көрініс оған тұрарлық.

Әйгерім Әкімжанова, тілші:

- Маңғыстаудың ең жұмбақ және ерекше көріністерінің бірі осы. Торыш алқабында орналасқан шарлардың пайда болуы туралы құпияны әлемнің көптеген ғалымдары мен ойшылдары 250 жылдан бері аша алмай келеді. Кейбір жерлерде олар цилиндр, орыстың символикалық матрешкалары, кокос, ғарыш объектілері, тіпті боулинг шарларына ұқсайды. Олардың шығу тегі туралы көптеген болжам бар. Тастар жайлы ел арасында түрлі аңыздар тараған. Соның біріне сенсек,  бұл шарлар тасқа айналған жаулар екен.    

Жыл басынан бері өңірге 180 мыңға жуық турист келген. Қазір бұл аймақ елдегі және шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жетекші орынға ие. Жалпы, биыл 100 миллиард теңгеге 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Айта кетейік, отандық туристік өнімді насихаттауға Kazakh Tourism ұлттық компаниясы айтарлықтай үлес қосуда.

Талғат Аманбаев, «Kazakh tourism» ҰК басқарушы директоры:

- Соңғы кездері біз инфрақұрылымның қаншалықты белсенді дамып жатқанын көріп отырмыз және отбасылық туристер,  резорт туристер, лакшери-туристер және өңірдің әлеуеті  Маңғыстаудың топ-10 аймақтың бірі ретінде мемлекеттік даму бағдарламасына кіргені бекер емес. Kazakh Tourism және басқа да мемлекеттік органдармен бірге аймақтың дамуына белсенді түрде инвестиция құю және барлық жағынан қолдау көрсетілетін болады.

 

Фото: tengritravel.kz


×