Шаңырақ «5-10-20» бағдарламасы қатысушыларының несиелік жүктемесін азайтуға мүмкіндік туды

Жылдар бойы баспана алу үшін кезекте тұрған адамдар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен займ рәсімдеп, BI Group компаниясы салып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірінен  жеңілдетілген шарттармен жап-жаңа пәтердің иесі атана алады. Мұндай мүмкіндік қаржы ұйымы мен құрылыс компаниясы арасында Шаңырақ «5-10-20» бағдарламасы аясында қол жеткізілген серіктестік келісімшарт арқасында туындап отыр. Несиелік жүктемені төмендетудің екі жолы бар. Бірі - пәтер құнына 7 пайыздық жеңілдік  болса, екіншісі – займ рәсімделген күннен бастап 12 ай бойы несие пайыздарын төлеуден босату.  Екі жеңілдіктің бірін пәтерді сатып алғысы келетін азамат өзі таңдайды.

Жансұлтан Матаев, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ақ орталық филиалының директоры:

– Басты шарты – кезекте тұру керек. Яғни кезекте  тұрған азамат деген сөз, ол азаматтардың өзінің аттарында, отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүлік болмауы керек және де екінші талап - «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес отбасына, жан басына шаққан кездегі отбасының жалпы табысы жан басынан 3,1 минималды күнкөріс мөлшерінен асып кетпеуі керек. Яғни бүгінгі таңда ол 101271 теңге.

Биыл Шаңырақ «5-10-20 бағдарламасы аясында 7-8 мың қазақтандық отбасы қолжетімді баспанамен қамтылады. Әкімдік кезегінде тұрған азаматтар бағдарламаға қатысу үшін тек www.hcsbk.kz сайты арқылы электронды түрде өтініш бере алады. Бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің клиенттеріне де, олардың қатарына қосылып үлгермеген тұрғындарға да қатысты. Ал тұрғын үй түрлерін Bi Group компаниясының ресми сайтынан табуға болады.

 

Автор: Ақзер Сегізбай

Фото: zhaikpress.kz


×