Қазақстанда азаматтық форум басталды

Қазақстанда «Қоғам және мемлекет: серіктестік пен дамудың 30 жылы «Birgemiz» тақырыбын арқау еткен 9-шы азаматтық форум басталды. Онда қоғамдағы өзекті мәселелерді министрлер үкіметтік емес ұйым өкілдерімен талқылап жатыр. Бұндай 12 кездесу жоспарланған.Форум бес күнге созылады. Онлайн режимінде өтіп жатқан биылғы шарада мемлекеттік орталық органдардың басшылары еліміздің белсенді азаматтарымен ашық диалог құрады. Үкіметтік емес ұйым өкілдерімен осындай кездесу мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен бастамалар жөнінде қоғамды құлағдар етіп, билік басындағылардың қызметін халыққа ашық ете түседі.  

 Аида Балаева, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Біздің министрліктің қолдауымен Қазақстанның азаматтық алянсы күшімен ұйымдастырған форум мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың арасында екі жақты тиімді әріптестік орнатуға мүмкіндік беретін беделді әрі пайдалы алаңға  айналды. Ең бастысы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен азаматтық бастамаларға кең жол ашқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасының бастамасын  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев лайықты жалғастырып, осы бағытта игі істер атқарылып жатыр. Үкіметтік емес ұйымдарыға қазіргі әлемдік пандемия жағдайына қарамастан жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр.

Алғашқы күн тәртібінде жемқорлықпен күрес, азаматтық қоғамның өзекті мәселелері мен әлеуеті, қоғамдық кеңестердің тиімділігі сынды тақырыптар қаралды. Осы төңіректегі пікір таластарға еліміздің әр түкпірінен қоғам  қайраткерлері қосылды. Сессиялардағы талқылауларды әр қазақстандық тыңдай алады. Форум Қазақстанның азаматтық алянсының ресми сайтында онлайн режимінде өтуде. Ұйымдастырушылар ел белсенділерін шараға қатысуға шақырады. Кездесудің қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар тізімі құрылады. Жалпы үкіметтік емес ұйым өкілдерінің айтуынша, көптеген қоғамдық мәселелердің түйіні тарқатылатын болады.    

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов

Фото: ainews.kz


×