Қазақстанда 2021 жылы қағаз анықтамалар толығымен жойылады

Еgov порталының мобильдік базасына тіркелу үшін электронды қолтаңба қажет болмайды. Ол үшін смартфонға келбетті көрсету жеткілікті. Ағымдағы айдың соңына дейін жүйеге биометрия арқылы тіркелу мүмкіндігі туады. Бұл туралы Үкімет отырысында белгілі болды. Ал көп талап етілетін құжаттар еgov mobile қосымшасына цифрлық түрде шығарылады. Сандық қызметке жеке куәліктен басқа жүргізуші куәлігі, дипломдар және басқа құжаттар енгізіледі. Сондай-ақ жыл соңына дейін 30-ға жуық анықтама түрін беруді алып тастау жоспарланып отыр. Азамат қажет ететін мәліметтермен тікелей телефоны арқылы анықтама сұратпай-ақ бөлісе алады. QR-кодты көрсетіп, әлде мессенджер арқылы ұсынатын болады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Смартфон қолданушылар саны өсуде, осы ретте мемлекеттік қызметтер мен сервистерді мобильді платформада көрсету қажеттілігі артып отыр. Ең қажетті деген әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді мобильді форматқа көшіру жұмысын жандандыру қажет. Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді eGov мобайлға ауыстыру бойынша жоспарды бекітуді тапсырамын. Жалпы 2021 жылы «қағаз» анықтамалардың қажеттілігін толығымен жоюымыз керек. «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясынан қызметтерді жеткізуді және барлық онлайн қызметтер мен сервистердің 100 пайыз қолжетімділігі қамтамасыз етуіміз қажет.

Электронды түрде көрсетілетін қызметтер саны да  ұлғайып келеді. Қазіргі таңда 700-ге жуық мемлекеттік қызметттің 85,5% онлайн түрде қолжетімді.  Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 90% жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 1414 Call-орталығына жүктемені төмендетіп, байланысты күту уақытын азайту үшін жасанды интеллект элементтері арқылы жиі кезігетін сұрақтарға жауап беру алгоритмі енгізіледі.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов

Фото: turantimes.kz


×