Astana Media Week медиа апталығы басталды

Елордада Astana Media Week медиа апталығы басталды. Осыдан 3 жыл бұрын бастау алған Орталық Азия аумағындағы ең ірі медиа оқиға бүгінде дәстүрлі шараға айналды. Биылғы медиа апталық бұрынғыдан өзгерек. Себебі спикерлер қатысушылармен онлайн форматта жүздесуде. Дәстүрлі шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева замануи журналистиканың басты міндеті халыққа жедел және сенімді ақпарат жеткізу екенін атап өтті.

АИДА БАЛАЕВА, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

 - Ең басты міндет - халыққа жедел және сенімді ақпаратты жеткізу. Сондықтан жаңа технологиялар ғасыры, жаңа медиа мен байланыс құралдары пайда болған кезде бұл міндет күн сайын күрделене түсуде. Шынында да, қазір кез келген адам жаңалықтардың қайнар көзіне айнала алады және іс жүзінде кейде халықты жалған ақпаратпен адастырып жатады. Сондықтан біз үшін кәсіби журналистиканың дамуы маңызды.

Биылғы апталықта өзекті мәлелердің бірі ретінде пандемия кезіндегі БАҚ тақырыбы айрықша талқыға түсті. Сарапшылардың айтуынша, коронавирус кезінде аудитория шынайы ақпаратты іздеп, дәстүрлі баспасөз құралдарына көбірек жүгінген.

Айта кетейік, Astana Media Week 2020-ның негізгі мақсаты – отандық медиасаланы дамыту мен индустриядағы іскерлік қарым-қатынасты аймақтық және халықаралық деңгейде ілгерілету.

 

Фото: almaty.tv


×