Қазақстанда «Жаңа жағдайдағы жастар: іс-қимыл кезеңі» жобасы іске қосылады

Қазақстанда «Жаңа жағдайдағы жастар: іс-қимыл кезеңі» жобасы іске қосылады

Қазақстанда жастарды жаңа болмыс жағдайында біріктіру, зияткерлік қабілеті мен тұлғалық капиталын дамытуға бағытталған жаңа онлайн-жоба іске қосылады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов хабарлады. Оның айтуынша, жоба аясындағы іс-шаралар 4 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олардың қатарында жобаның ашылу салтанаты, «Online Bilim», «Online Dialog» және «Open talks» бар. Бұл ретте, «Online Bilim» блогы жастардың жеке қасиеттері мен қызметтерін арттыруға бағытталған. Ал «Online Dialog» Мемлекет пен жастар арасындағы пікір алмасу және тәжірибе алмасу үшін негізгі алаң болмақ. Өз кезегінде, «Open talks» іс-шарасы жастардың дағдыларын, идеяларын, стартап-жобаларын және волонтерлік бастамаларын көрсетуге ықпал ететін болады. Спикерлердің айтуынша, жобаға 14-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Жоба 9 қарашадан басталып, бір айға созылады.

ШАХМАРДАН БАЙМАНОВ, АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІНІҢ ЖАСТАР ЖӘНЕ ОТБАСЫ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Әлеуметтік тиімділік - бұл, бірінші кезекте, жастарды толық қамту, жаңа дағдыларға оқыту. Жобаға тартылатын жастарды алаңдарға бөлдік. Олар жаңа қырларынан ашылады, жаңашылдыққа үйренеді деп ойлаймыз. Себебі кез-келген жоба, ең алдымен, бір-бірімен байланыс орнатуды көздейді. Осы тұста біз жастарды қолдайтын уақыт дәл осы кез, пандемия шаралары барлық жерде қатаңдатылып жатқан кез деп ойлаймыз. Әрине,  санитарлық сақтық шаралары толықтай сақтауға назар аударатын боламыз. Онлайн форматта өткізгелі жатырмыз. Бірінші кезекте, жастарға өз үйлерінде, өз жұмыс орындарында, өз ауылдарында отырып осындай үлкен жобаға атсалысуға мүмкіндік береді.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

 

Фото: ortcom.kz


×