Күлтөбе қалашығы ашық аспан астындағы археологиялық паркке айналады

Күлтөбе қалашығы ашық аспан астындағы археологиялық паркке айналады

«Күлтөбе қалашығы» атты ашық аспан астындағы археологиялық парктің ғылыми тұжырымдамасын әзірлеу. «Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасына қатысушылардың мақсаты осы. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Андрей Хазбулатов мәлім етті. Ол тарихи мекенді зерттеу бірқатар жаңалықтар ашты дейді.

«Археолог-ғалымдар мен тарихшыларымыз ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстар нәтижесінде табылған артефактілер негізінде Түркістанның жасы - 2000 жылдан астам уақыт қана емес, сонымен бірге оның қаңлы дәуірінен бастап ХІХ ғасырға дейінгі үздіксіз тарихын дәлелдейтін материалдық жәдігерлер барын сенімді түрде айтып келеді. Қазір әр түрлі дәуірлерге тән ғимараттар, құрбандық шалу орындары бар ежелгі діни ғимараттар, ортағасырлық моншалар, мешіт және басқа да сәулет кешендері зерттеліп, қалпына келтірілген. Олар болашақта археологиялық саябақтың туристік бағытының басты орындарына айналады» - дейді Андрей Хазбулатов.

Халықаралық ЮНЕСКО ұйымы «Күлтөбені» зерттеу мен таныту жұмыстарына жоғары баға беріп отыр. Бұл туралы ОҚК өткен брифингте ЮНЕСКО-ның халықаралық сарапшысы Майкл Янсен атап өтті. Оның айтуынша жоба басшылығы әлемдік және жергілікті деңгейдегі үздік мамандарды бір командаға жинады. Айта кету керек,  жобада ЮНЕСКО-ның маңызды қағидаларының бірі - ескерткіштің тұтастығы сақталады. Күлтөбе қалашығында осы маңызды діни, мәдени, экономикалық және әкімшілік орталық эволюциясының барлық кезеңдерінде тек Қазақстан өңірінің ғана емес, бүкіл түркі әлемінің мәдени ізі сақтаулы.

 

Фото: ztb.kz


×