Бақытты отбасы үшін 4 млн теңге: Нұр-Сұлтанда отбасы институтын нығайту жобасы іске қосылды

Бақытты отбасы үшін 4 млн теңге: Нұр-Сұлтанда отбасы институтын нығайту жобасы іске қосылды

Елордада отбасы институтын дамыту ісі мықтап қолға алынды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен “Отбасы - бақыт мекені” отбасы институтын нығайту жобасы іске қосылды. Жобаға қатысушы жас отбасылар алдағы үш жыл бойы бақытты отбасын құрудың қыр-сырын үйренеді. Ұйымдастырушылар 2023 жылдың соңына дейін 1000-нан астам адамды мақсатты аудиториямен қамтуды жоспарлап отырғандарын айтады. Олар жас отбасылар ғана емес заңды некеге тұрмаған, бірақ бас құрауды ойлап жүрген жастар болуы да мүмкін.  

«Біз жастар, гендерлік, отбасылық саясат саласындағы білікті мамандарды шақырамыз. Жоба аясында үлгілі отбасылардың өкілдері өздерінің құндылықтары туралы әңгімелейді. Сонымен қатар балалар құқықтары жөніндегі өкілдер, баланы жоспарлау және тәрбиелеу жөніндегі мамандар да тартылатын болады», – делінген қалалық әкімдіктің баспасөз хабарламасында.

 Жоба ауқымды бағдарламадан тұрады. Шара семинарлар, жас отбасыларға арналған онлайн-тренингтер, «Үздік жас отбасы» байқауы, бейнероликтер конкурсы, факультативтік сабақтар, жас аналарға арналған семинарлар мен тренингтер, отбасылық марафондар сияқты жеті бағытты қамтиды.

«Осы аптада «Үздік жас отбасы» байқауы басталады. Сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттайтын үздік бейнеролик байқауы мен спорттық марафондар өткізіледі. Қыркүйек айында жас отбасылар үшін арнайы семинар-тренингтер ұйымдастырылады. Аналар үшін біз түрлі жанрдағы онлайн-курстар әзірлейміз. Мысалы, танымал аспазшылар өз шеберліктерімен бөліседі», – деп атап өтті, жоба кураторы, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың өкілі Нұржан Парманов.

Айта кетейік, жобаға қатысу тегін. Байқау жеңімпаздары мен белсенділер үшін сертификаттар түріндегі сыйлықтар қарастырылған. Үш жылдық жүлде қоры 4 млн теңгені құрайды.

 

Фото: almaty.tv


×