Қазақстан Конституциясына – 25 жыл!

Қазақстан Конституциясына – 25 жыл!

Екі күннен кейін еліміз Конституция күнін атап өтеді. Осыдан тура 25 жыл бұрын 30 тамызда республикамыздың ең маңызды құжаты қабылданған еді. Содан бері бұл дата елде мемлекеттік мереке ретінде аталып келеді. Сөздің қадіріне жеткен қазақ ежелден ақ заңдарын тайға таңба басқандай жазып қолданып отырған, атап айтар болсақ, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз-Тәукенің жеті жарғысы». Ал тәуелсіздік алғалы маңызды құжат екі рет қабылданды. Бүгінгі Қазақстан мемлекетінің ұйытқысы Ата заң мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын, ата бабаларымыздың ар-мен намыстан тұратын бірлік, тыныштық идеясын өз бойына сіңірді. Ол ең жоғары заңды күшке ие және Қазақстан халқының еркіндігін білдіреді. Мемлекеттің әрбір азаматы негізгі заңның маңыздылығы туралы білуі тиіс.

«Конституция - біздің қоғамдағы бостандықтың, теңдік пен келісімнің белгісі. Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген пандемия жағдайында біздің қоғам тарихи-мәдени мұраның маңыздылығын көрсетті, бүкіл Қазақстан халқының ынтымақтастығын көрсетті, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары жай сөз емес, егемен елдің ең жоғары құндылықтары екендігін дәлелдеді. Мен барлық қазақстандықтарды бүкіл ел үшін осы маңызды мерекемен құттықтаймын!» - деді адвокат Елнұр Ешенгелдиева.

Конституцияны атап өту – бұл өз елінің патриотымын деп санайтын әрбір қазақстандық үшін жеке мереке. Коронавирус халықтың жоспарларын өз ырқына салып алғанына қарамастан, республикада мерекелік шаралар онлайн форматта жалғасын табады. Мысалы, Орталық кітапханадан осы күндері «Конституция – Тәуелсіздік негізі» онлайн-инсталляциясын көре аласыз. 30 тамызда «Жастар» театры әлеуметтік желілерде «Айбарлы асқар елді асқақтатар Ата Заң» онлайн-концертін ұсынады. Nomad театрының әртістері желіде онлайн-құттықтаулар жолдайтын болады. Сонымен қатар, барлық ұлттық құндылықтар мен азаматтық қадір-қасиеттің негізіне айнала алған Конституция күніне орай бүкіл ел бойынша көптеген онлайн-көрмелер ұйымдастырылады.

Авторы: Әсел Күшенғалиева 

 

Фото: zakon.kz


×