Аида Балаева: Отандық телеарналарда шетелдік сериалдар қысқартылады

Аида Балаева: Отандық телеарналарда шетелдік сериалдар қысқартылады

Отандық телеарналардағы шетелдік сериалдар мен сауық бағдарламалары 30% қысқартылады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ҚР Президенті Телерадиокешеніне сұқбатында хабарлады.

«Телеарналарда жаңа маусымда бірқатар өзгеріс болады. Мысалы, шетелдік сериалдар мен ойын-сауық бағдарламалары 30 процентке қысқарады. Мұны көрермендер байқайды деп ойлаймын. Бұл сериалдар мүлде болмайды деген сөз емес. Яғни бұл бағытты қолдайтын аудиторияның да мүддесі тапталмайды. Дегенмен негізгі бағыт аналитикалық және ағартушылық контентке басымдық беріледі. «Еларна» телеарнасы бағытын өзгертіп, мәдениет және білім саласында ақпарат таратады. Сонымен қатар Kazakh TV арнасының аты өзгертілуі мүмкін. Тағы бір жаңалық, «Әл Фараби» арнасы іске қосылмайды. Қазіргі экономикалық жағдайға байланысты қолда бар ресурсты барынша қолдану керек деген шешім қабылданды», – деді министр.

Министрдің айтуынша, енді телеарнадан отандық өнім көбірек көрсетілетін болады. Елдің әлеуметтік-экономикалық өмірін, мемлекеттік органдардың қызметін, сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалардың іске асырылуы көрсетілетін бағдарламалар көбейеді деп жоспарлануда.

«Қазір мемлекеттік бағдарламаларды кеңірек жария етуге, талдау материалдарын көбірек жасауға бағытталған нақты пікірлер бар. Бұл мемлекет саясатын кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді. Белгілі бір бағдарламаларға немесе бастамаларға қатысты сараптамалық пікір әрқашан маңызды. Келесі жылдан бастап жаңа форматта жұмыс істейміз», - деді Аида Балаева.

Отандық сериалдар мен деректі фильмдерді экранға шығару мақсатында «Қазақфильмнің» негізгі серіктесі болу да министрліктің жоспарында бар. Сондай-ақ, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің айтуынша, «Nickelodeon», «TiJi» және «Дисней» телеарналары қазақ тілінде ақпарат тарататын болады. Қазіргі уақытта министрлік осы бағытта жұмысты қолға алып, бастап кетті. Бұл балалар мен жасөспірімдерге сапалы контентті қазақ тілінде тұтынуға мүмкүндік береді.

 

Фото: progorodsamara.ru


×