Қ. Тоқаев: әр азамат жеке жетістігі арқылы бүкіл елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосады

Қ. Тоқаев: әр азамат жеке жетістігі арқылы бүкіл елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосады

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтті. Коронавирусқа байланысты бұл жолы кеңес отырысы онлайн форматта ұйымдастырылды. Адами капиталды дамытуға, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау мәселелеріне арналған Жиын Президент баспасөз қызметінің Фейсбуктегі AkordaPress парақшасы арқылы тікелей эфирде көрсетілді.

«Ұлттық кеңес 1 жылға жуық уақыт аралығында аса маңызды әрі ауқымды реформаларды пысықтап, жүзеге асырды. Қоғамдық диалогтың ұлттық моделі өз тиімділігін көрсетті. Қазір алдағы кезеңнің күнтәртібін анықтап алуымыз қажет. Кез келген мемлекет үшін адами капитал басты өлшемге айналды. Осы орайда біліктілік мәселесі айрықша маңызға ие болып отыр. Әр азамат өзінің жеке жетістігі арқылы бүкіл елдің табысты болуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосады. Сондықтан бүгінгі отырысты адами капиталдың негізгі бағыттарын дамыту мәселесіне арнадық. Бұл білім беру, ғылым және денсаулық саласы»,- деді Мемлекет басшысы.

Президент білім беру және ғылым жүйесі түбегейлі реформалауды талап етіп отырғандығын баса айтты.Бұл ретте саланы қаржылай қолдау 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржы 7 есе өсетінін жеткізді. Әсіресе, іргелі ғылым мен зерттеу институттарының қаржыландыру көлемі артпақ.

«Толықтай алғанда, ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайтамыз және 2025 жылға қарай оны жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына жеткіземіз. Бұл ретте, біз ешкім оқымайтын қажетсіз жұмыстар мен зерттеулерді қаржыландыра алмаймыз. Әрбір ғылыми жұмыстан сұраныс және нақты әлеуметтік-экономикалық әрі өндірістік-техникалық қайтарым болуы тиіс. Күш-жігерді және ресурстарды медициналық-биологиялық зерттеу, агроөнеркәсіптік ғылым, жасыл технология, жасанды интеллект, энергия үнемдеу сынды салаларға бағыттаған жөн», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ғалымсыз ғылым жоқ. Президент жыл сайын кемінде 100 ғалымның әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағлымдамадан өтуіне қаржы бөлуді тапсырды. Ал докторантурада оқитын болашақ ғалымдардың  стипендиясы 150 мың теңгеге дейін көбейтіледі. Елбасының жас ғалымдар үшін жыл сайын грант бөлу жөніндегі бастамасы да жалғасын таппақ. Аталмыш гранттың  үш жылға арналған жалпы көлемі 3 млрд теңгені құрайды.

 «Дарынды жастардың шетелге кету мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Мұның бірнеше себебі бар. Оның бірі – жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілетсіздігі. Әрине бұл қосымша инвестицияны талап етеді. Осыған орай біз білім гранттарының орташа құнын 340-420 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін көбейту туралы шешім қабылдадық. Яғни, грант құны үш есе артады. Сол арқылы оқытушылардың жалақысын кезең-кезеңмен арттырып, университеттердің материалдық базасын нығайтуға болады. Бұл – маңызды қадам. Өйткені грант құны 2011 жылдан бері өскен жоқ», - деді Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев аз қамтылған отбасылар мен жастардың әлеуметтік әлсіз санаттары үшін грант санын көбейту мәселесін қарастыру керектігін айтты. Жастарды жоғары біліммен қамтамасыз ету үшін жеңілдетілген несие беруді ұсынды. Үкіметтен, сондай-ақ Ұлттық кеңес мүшелерінен осы мәселе бойынша өз ұсыныстарын беруді сұрады. Үкіметке ЖОО оқытушыларының еңбекақысын көбейтуді тапсырды. Техникалқ-кәсіптік білім беретін колледждерді реформалаудың жолдарын да атап өтті. 

«Техникалық-кәсіптік білімді ары қарай дамыту керек. «Жас маман» жобасы аясында 180 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартып жатырмыз. Тегін техникалық білім беру бағдарламасымен жыл сайын 100 мың студент қамтылады. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар жеке назарды қажет етеді. Үкімет техникалық-кәсіптік білімі бар кадрларды дайындау үшін мемлекеттік тапсырысты арттыру мәселесін жетілдіруі керек. Біздің кәсіптік бағдар еңбек нарығындағы алдағы 10-15 жыл ішіндегі қажеттілікті ескеруі керек. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі «Жаңа мамандықтар мен құзіреттердің атласын» енгізуі тиіс», - деді Президент.

Президент педагогика мамандықтарына түсуге қойылатын талаптарды біртіндеп арттыру қажеттігін де айтты. Оларды тартымды ете түсу үшін болашақ мұғалімдерге арналған шәкіртақыны 26 мыңнан 42 мың теңгеге арттыруды тапсырды. Алдағы 5 жылдың ішінде кемінде 90 мың жатақхана орны салынуы тиістігін баса айтты.  Орта білім беру ісі де назардан тыс қалған жоқ. Қасым-Жомарт жақсы жабдықталған және бала саны аз сыныптарға қажеттілік зор. Сондықтан 2025 жылға қарай 650 мыңнан астам орынға 800 мың жаңа мектеп салынады. Ал, ауылдық мектептерге 114 интернат және 700-ден астам спорт залын тұрғызу жоспарда. Бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жою қамындағы шаралардың бір бөлігі.

«Келесі бір маңызды міндет – қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайту. PISA мәліметтері бойынша қазір арадағы алшақтық 1,5 жылды құрайды. Барлық балалар тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білімге қол жеткізуі керек. Айта кету керек, қалалық және ауыл тұрғындары арасындағы білім алшақтығы үрдісі бірқатар мемлекетте бар. Алшақтықты азайту үшін ауылдағы шағын жинақталған мектептерді білікті оқытушылар құрамымен қамтамасыз ету керек», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Адами капитал туралы айтқанда денсаулық саласынан аттап өту мүмкін емес. Президент бұл бағытта ауқымды жоспарлармен бөлісті. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында биылдың өзінде 24 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі. 2025 жылға қарай мемлекеттік бағдарлама бойынша 20 ірі клиника салынады.

«Бүкіл әлемде пандемия қайта өршіп кетуі де мүмкін. Сол үшін жұқпалы ауруларды емдейтін клиникалардың барлығын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруіміз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Президент Ұлттық кеңестің отырысында көтерген бастамалардың басым бөлігі Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде жасалды. Ал бұл шараларды тиімді жүзеге асыру - адами капиталдың сапасын айтарлықтай арттыруға жол ашпақ.


×