Елордалық Nur Otan еріктілері Мақтарал ауданына 40 тонна азық-түлік жөнелтті

Елордалық «Нұр Отанның» еріктілері су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысының Мақтарал ауданына қырық тонна азық-түлік жөнелтті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
«Қазір Nur Oran Мақтарал ауданына 40 тонна азық-түлік жөнелтіп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласынан шыққалы тұрмыз. Онда жүзден астам адам жұмыс істейтін еріктілер штабы құрылды. Су тартылған кезде бүкіл еріктілер штабын жұмылдырамыз», – дейді Jas Otan жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.
Оның айтуынша, коронавирус пандемиясымен күресте де еріктілер туындаған мәселелерді шешуде өздерінің ұйымшылдығы мен бірлігін көрсетуде.
Еске сала кетейік, Елбасы – Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Біз біргеміз» жалпыұлттық акциясы басталған болатын. Оның аясында жасотандықтар 110 мыңнан астам отбасын азық-түлік себеттерімен, сондай-ақ гигиена құралдарымен қамтамасыз етті.
Фото: astana.gov.kz