Карантин уақытында оқушылар үйірмелері онлайн өтіп жатыр

Карантин уақытында оқушылар үйірмелері онлайн өтіп жатыр

Қазақстандық оқушылардың қашықтан оқу тәртібіне ауысқандарына бірнеше апта болды. Төтенше жағдай кезінде негізгі білім бағдарламасымен қатар қосымша шығармашылық тәрбие жұмыстары тоқтаған жоқ. Шәкірттердің дарынын шыңдайтын үйірмелер онлайн түрде өтіп жатыр. Тіпті жас былғары доп шеберлері қашықтан жаттығуға кірісті. Мәселен, алматылық футбол командасы карантин кезінде жаттықтыруларын бір үзген емес. Олар алдағы тамыз айында Сербияда өтетін халықаралық жарысқа дайындықтарын пысықтап жатыр. 

ДАНИЯР МИХРАМОВ, ФУТБОЛДАН ЖАСӨСПІРІМДЕР ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАПКЕРІ:

- Бізде өзіміздің Whatsapp чатымыз бар. Балалар барлық жаттығулар кешенін жатқа біледі. Сондықтан техникалық шеберлікке көбірек көңіл бөлуге тырысамыз. Аптасына бірнеше рет балалар есеп ретінде жаттығуларын камераға түсіріп, жіберіп тұрады.

Барлық спорт түрлерінің ішінде шахмат қашықтан жаттығуға ең бейімді болып шықты. Ол үшін арнайы құрылған электронды бағдарламалар құрылған. 

АНТОН ФИЛИППОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ  ГРОССМЕЙСТЕР, ШАХМАТ БАПКЕРІ:

- Бізжаттығуды екі бағыт бойынша жүргіземіз. Біріншісі электронды сабақтар. Онда бапкер жаңа бағдарламаны түсіндіріп, тәрбиеленушілердің сұрақтарына жауап береді. Екінші бөлікте балалар тәжірибе жүзінде берілген тапсырмаларды орындап, қолайлы жүріс шешімдерін табады. Әрбірі өз нұсқасын ұсынып, бәрі бірдей талқылауға кіріседі. Негізінен стратегиялық мысалдар беріледі. Шахмат бойынша оқу материалы жеткілікті көлемде бар. Қазіргі таңда 9 миллиондай партия бар.

Ойлау қабілеті сыналатын ала тақта ойынынан жарыстар мен жаттығулар бұған дейін де онлайн түрде өтіп тұратын. Бұл тәжірибе карантин кезінде қайта жаңғырды.

АНТОН ФИЛИППОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ  ГРОССМЕЙСТЕР, ШАХМАТ БАПКЕРІ:

- Біз онлайн клуб құрдық. Онда біздің барлық тәрбиеленушілеріміз тіркелген. Әр жексенбі сайын дәстүрлі түрде жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Карантин уақытына дейін бекітілген оқу бағдарламасын толықтай меңгеруге тырысып жтырмыз. 

Төтенше жағдай кезінде балалар бабын жоғалтпай дарынын шыңдау үшін ғаламтор желісінде танымал спортшылар мен бапкерлер түрлі  видео сабақтар ұйымдастырып тұрады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: chessfoundation.kz​


×