Коронавирустың таралу қаупіне байланысты шұғыл шаралар

Қазақстан коронавирустың таралу қаупіне орай шұғыл шараларды қолға алды. Қазіргі таңда Қытаймен арадағы кеден бекетінен өткен 19 мыңнан астам адам вирусқа тексерілген.  Олардың арасында қауіп жоқ, деп хабарлады еліміздің  денсаулық сақтау министрлігі. Қазақстанға келетін транзиттік жолаушыларға 72 сағаттық визасыз келу режимі алынып тасталды. Сондай-ақ «Қорғас» Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қазақстандық бөлігінің жұмысы уақытша тоқтатылады. Ал Қытайдағы отандастарымызға консулдық және өзге де көмек көрсету жұмыстары барынша күшейтіледі.

Айта кетейік, Үкімет басшысы Асқар Мамин Президент тапсырмасына сай жедел кеңес өткізіп, Қазақстан аумағында коронавирусты таратпау және оның алдын алу бойынша осындай бірқатар тапсырма берді. Жиын қорытындысы бойынша, арнайы ведомствоаралық комиссия құрылды.

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

 - Қазіргі таңда ҚХР Ухань қаласында, т.б. қалаларында адам өміріне қауіпті пневмония  қоздыратын коронавирус таралып жатыр. Президент Қ. Тоқаев осы вирустың таралуына жол бермеу мақсатында шұғыл шараларды ұйымдастыру туралы нақты тапсырма берді. Бұл сұрақ Үкіметтің ерекше бақылауында. Осы ретте тиісті шаралар ұйымдастырылды.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігінде азаматтарымызды елге қайтару шаралары қолға алынып жатыр. Отандық туристік компанияның дерегі бойынша, Қытайда 1000-ға жуық Қазақстан азаматы жүр. Олардың барлығы елге қайтарылады. Осы бағытқа жолдама сатып алған туристер туындаған мәселе жөнінде тур операторларға жүгінуі керек. Қазіргі таңда отандық әуе компаниялары да коронавирустың өршуіне байланысты Қытайдың Хайнань аралына ұшатын барлық рейстерді шектеді.

Фото: qazaly.kz


×