Қазақстандық ғалымдардың археологиялық жаңалықтары

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында «Елеке сазы» қорғанында жүргізілген қазба жұмыстары барысында археологтар алтын әшекейлердің 500-ден аса түрін, киім бөліктері мен жебенің ұштарын тапқан. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл қорымдар VII-VIII ғасырлардағы ежелгі Сақ дәуіріне жатады. Бұдан басқа, табылған медициналық құралдар, темір пышақтар мен сауытты табақтар көшпелі халықтың технологияны жетік меңгеріп, аса білімді болғандығын дәлелдейді.

АЛЕКСАНДР ПОДУШКИН, ПРОФЕССОР, ШЫМКЕНТ Қ. ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

 - Тарихи, археологиялық және мәдени тұрғыдан алып қарасақ, бұл бірегей жер. Мұнда номадизмнің бастауын, яғни классикалық тілмен айтқанда, көшпенділердің шыққан тегін көрсететін ежелгі темір дәуіріне жататын ескерткіштерді көруге болады. Көшпенділердің қалай пайда болғанын нақ осы жерден білуіміз мүмкін деп ойлаймын.

Зерттеушілер радиусы 30 шақырымдық аумақты секторларға бөлген. Мұнда 8 археологиялық топ жұмыс істеуде. Тереңдігі 1,5 метрлік топырақты аршу кезінде әшекейлер мен қару-жарақ сақталған ерекше қабір табылды.

ЗЕЙНОЛЛА САМАШЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Бұл – алғашқы олжалар. Ал басқалары осы айдың соңына қарай табылады. Оларды тамыз айында көрсетеміз.

Археологтардың мәліметінше, «Елеке сазы» шатқалында 50-ден аса ежелгі қорым бар. Қазба жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде біз ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін біле алатын боламыз. Ғалымдар қорғандардан тапқан тарихи жәдігерлерді музеефикацияға жібереді, ал келер жылы олар Англия мен Түркияда өтетін Халықаралық көрмелерде таныстырылмақ.

Фото: express-k.kz


×