Қазақстан су жолдарымен транзит көлемін арттырады

Қазақстан су жолдарымен транзит көлемін арттырады

2025 жылға қарай Қазақстан Ресейдің ішкі су жолдарымен транзиттік тасымал көлемін жылына 300 мың тоннаға жеткізбек. Кеме қатынасында бірыңғай құқықтық өріс құру қамында Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында  келісім жасалды. Ел сенаты тиісті заңды қабылдады. Құжатта тараптардың порттық қызметіне тең жағдайлар жасалуы және экипаж мүшелерінің құжаттарын өзара тану жағы ескерілген. Бұл алдымен бақылаушы органдардың жүк кемелерін тексеру рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұрындары 3-тен 6 айға созылған рұқсат алу үрдісі енді 10 күнге дейін қысқарады. Есесіне, Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағытының қабілеттілігі артатын болады. Одаққа мүше емес елдер Каспийден Қара теңізге жүктерді тасымалдау үшін қазақстандық тасымалдаушыларға жүгінеді. Себебі Ресейдің ішкі су жолдары арқылы қазақстандық компаниялардың жеңілдетілген тәртіппен өту мүмкіндігі болады. Бұндай басымдық өзен арқылы тасымалға да қатысты.

БЕРІК КАМАЛИЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Бұл ретте келісім қабылданғаннан кейін қазақстандық тасымалдаушылар өзен тасымалдарын Ертіс бассейні шегінде ғана емес, Обь өзенімен Ханты-Мансийск округіне дейін шығуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ Атырау, Астрахань, Волгоград порттары арасындағы екіжақты тасымалдарды жаңарту мәселесі де қарастырылған. 2025 жылға қарай өзен тасымалдарының көлемін «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 3,8 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: eadaily.com


×