Астана мен Мадрид ғылыми әріптестік аясын кеңетпек
Астана мен Мадрид ғылыми әріптестік аясын кеңетпек. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры мен Элькано Корольдік Институты ғылыми-зерттеу саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат «Еуразияны біріктіру: Қазақстанның Еуропа мен Шығыс Азия арасындағы рөлі» атты халықаралық жиынның қорытындысы бойынша қабылданды. Шараға қазақстандық қор жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшылары, Испанияның қоғамдық-саяси топтарының өкілдері мен жетекші ғалымдары қатысып, республиканың рөлін талқылады.
ЕРЖАН САЛТЫБАЕВ, ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Испания университеттерімен ынтымақтастығымыздың ауқымы кеңейетініне қуаныштымыз. Ғылыми-зерттеу саласындағы өзара іс-қимылды күшейтпекпіз. Испанияның Орталық Азияға деген қызығушылығы зор. Біз олардың ұстанымдарын, ойы мен идеясын кеңінен біліп, тануға мүдделіміз.
Сонымен қатар, Испаниядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен «Астана – Ұлы дала інжу-маржаны» атты фотокөрме өтті. Экспозицияға елорданың көрікті орындары мен Қазақстанның бірегей табиғаты бейнеленген 100 шақты фотосурет қойылды. Шара соңында «Азия үйі» Испан Консорциумы мен Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы қоры ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойды.