Ұлттық инвестициялық стратегия: Алдағы 5 жылда елімізге 118 млрд доллар инвестиция тартылады

Алдағы 5 жыл бойы елімізге 118 миллиард доллар инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл қаражаттың төрттен бір бөлігі өңдеу секторына құйылып, жалпы ішкі өнім көлемі артуы тиіс. 2020 жылға дейін Қазақстанда жалпы сомасы 3 трлн теңгеден асатын 200 инвестжоба іске асырылмақ. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың басынан бері Қазақстанға шетелден 10 миллиард доллар тартылды. Әсіресе, тау-кен, сауда, көлік және өңдеу секторына инвестициялық қызығушылық ерекше артқан. Қазіргі басты міндет – инвестиция тартудың қарқынын сақтап, жұмыс істеп жатқан инвесторлардың елде қалуы үшін қолайлы жағдай жасау, дейді сарапшылар.

ЕРЛАН ХАИРОВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - 60-тан аса елдің азаматтары үшін, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының барлық елдері үшін Қазақстанға визасыз тәртіппен келуге жағдай жасалды. Жоғарғы соттың жанынан арнайы инвестициялық алқа құрылды. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту, жекешелендіру процесін жетілдіру сияқты шаралардың арқасында Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының инвестициялық комитетіне мүше болды. мұны біздің инвестициялық климатқа көрсетілген сенім деп қарастыру керек.

Соңғы 12 жылда тартылған қаражат көлемі 248 млрд доллардан асып отыр. Бұл сома Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын дәлелдеп қана қоймайды, сонымен қатар, шетелдік кәсіпкерлердің ел экономикасына деген сенімін айғақтайды.

АЙЖАН МҰҚЫШБАЕВА, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ ҚОРЫ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Қарапайым ғана қосымша құн салығын алатын болсақ, инвестордың өндірген өнімінің өзіндік құнын азайтуға көмектеседі. Корпоративтік табыс салығынан босату, жер салығынан босату компанияның 10 жыл бойы қаржылық құралдарын көбейтіп алуына, біздің елде орналасуына ықпал етеді.

Шетелдік кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қолдау тетіктерін пайдаланып, өз құқықтарының қорғалатынына сенімді. Сол себепті Қазақ елін кәсіп үшін қолайлы деп тапқан іскерлер жыл санап артары сөзсіз, дейді америкалық сарапшы Роберт Гуттман. Саясат және халықаралық қатынастар орталығының директоры болып қызмет ететін Джон Хопкинс университетінің профессоры Орталық Азияда болып жатқан оқиғаларды мұқият бақылап отырады.

РОБЕРТ ГУТТМАН, САЯСАТ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстан жыл өткен сайын Орталық Азиядағы Дубайға, Абу-Дабиге ұқсап барады. Сіздер жақсы жолдасыздар. Шет елдік инвесторларыңыз да бар. Қаржылай тұрақтылық та сақталған. Инвестиция да тоқтамай құйылып келеді.

Қазақстандағы бизнес жүргізу шарттары, салық саясаты, кәсіпкерлік саласындағы заңнама және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары. Осы және басқа да факторлар Қазақстанның Орта Азиядағы инвестициялық тартымды орталыққа айналуына әсер етті, дейді сарапшылар. 


×