"Қазақ хандығының түркі әлеміндегі орны" тақырыбында конференция өтті

Ыстамбұлдың Мимар Синан көркемөнер университетінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған "Қазақ хандығының Түркі әлеміндегі орны" тақырыбында конференция өтті. Алқалы жиынға қатысқан түріктің танымал тарихшылары мен Еуразия ұлттық университетінің докторанттары Қазақ хандығының құрылуы мен мемлекет болып қалыптасуы туралы баяндамалар жасады. Мысалы, Қазақ хандығының түркі дүниесіндегі рөлін бағамдаған тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара «түркілер тарих бойынша үлкенді-кішілі 110 мемлекет құрған. Оның ішінде 1465 жылы Керей мен Жәнібек іргесін қалаған Қазақ хандығы - ең ұзақ билік құрған төртінші мемлекет» деп атап өтті. Ал жас тарихшылар болса, жиылған көпшілікке қазақтың XV-XIX ғасырдағы тарихын кеңінен баяндап берді.

 

Нұртас СМАҒҰЛОВ, Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДОКТОРАНТЫ:

 

Алтай мен Еділдің арасындағы ұлан-байтақ жерге иелік етіп отырған қазақ халқы өзіне дейін өмір сүрген мемлекеттердің жетістіктерін ала білді. Және қазақ халқы мен мемлекеті бір уақытта, бір демде пайда болған мемлекет емес. Біз - 3 мың жыл бойы Қазақстан территориясындағы болған мемлекеттердің тарихи сабақтастығы арқасында құрылған мемлекетпіз. Сондықтан біз шетелде осы сұрақтарға, түрік бауырларымыздың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап бере алдық. Бұл да республикамызды, елімізді, жерімізді танытудың бір шарасы.

 

Сурет: thenews.kz


×