«Террикон алқабы»: Қазақстандық ІТ компаниялар халықаралық нарықтарды бағындыруға дайындалып жатыр

«Террикон алқабы»: Қазақстандық ІТ компаниялар халықаралық нарықтарды бағындыруға дайындалып жатыр

Қазақстандық ІT компаниялар халықаралық нарықтарды бағындыруға дайындалып жатыр. Экспортқа шықпас бұрын бірінші кезекте, мақсатты аудиторияны, бәсекелестерді зерттеу, өнімді клиенттің қажеттіліктеріне бейімдеу сынды шараларды атқару қажет. Ал биыл ол үшін арнайы курстар ұйымдастырылды. ІТ компаниялар мен фрилансерлер Қарағандыдағы «Террикон алқабы» ІТ-хабының базасында білім алатын болады. 25 стартап-команда мен бағдарламалық қамсыздандыруды әзірлеушілер үшін 6 аптаға есептелген тегін курс жасалды, онда халықаралық сарапшылар дәріс оқиды.

АЛЕКСАНДР БОНДАРЕНКО, «ТЕРРИКОН АЛҚАБЫ» ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

 - Мақсатымыз – 5 жыл ішінде ақпараттық технологиялар саласының 10 мың маманын дайындау. Ол үшін ІТ-хабтардың базасында акселерациялық бағдарламалар жүзеге асырылады. Бұл стартаптар алынып, олардың бизнес моделі жасалып, қажет құралдар берілетін бағдарламалар. Оларға бизнесте тәжірибесі бар құзырлы тұлға тағайындалады. Стартапты дамытуға сол көмектеседі.

Террикон алқабының фрилансерлеріне арналған акселерация бағдарламасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің және Орталық Азиядағы ірі ІТ-стартаптар технопаркі – Astana Hub-тың қолдауымен жүзеге асырылады.

АЛЕКСАНДР БОНДАРЕНКО, «ТЕРРИКОН АЛҚАБЫ» ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

 - Стартаптар көп. Мысалы, жақында гүл сату дүкендері мен гүл жеткізу қызметтерімен айналысатын компанияларды бір алаңға біріктірген ортақ алаң пайда болды. Аталған платформа оларға клиенттермен байланыс орнатуға, маркетинг шараларын жүзеге асыруға көмектеседі. Сонымен бірге, қазір арнайы портал жасалып жатыр. Ол арқылы ниет танытқан әр адам көшет отырғыза алады. Ақысын өзі төлеп, ағаштың түрін, оны отырғызатын орынды өзі таңдай алады.

Еске салсақ, «Террикон алқабы» жобасы осыдан екі жыл бұрын жұмысын бастаған. Оның басты міндеті – Қарағандыда ІТ-саланы дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастыру және табысты жобаларға аймақ шеңберінде емес, республикалық деңгейде қолдау көрсету.

Авторлары: Толқын Нуриаменова, Данагүл Біләлова

 

Фото: internationalwealth.info


×