Қазақстандық ғалымдар ақылды есептегіш құрылғысын ойлап тапты

Назарбаев Университетінің ғалымдары электр энергиясын есептейтін ақылды  құрылғы ойлап тапты. Бұл – профессор Мехди Багеридің бастамасымен бір топ ғалымдардың зерттеуі нәтижесінде дүниеге келген қуат көзінің шығынын есептейтін ерекше жүйе. Жоба авторының айтуынша, өнертабысты пәтерлер мен тұрғын үй кешендерінде, тіпті ірі өндіріс ошақтары мен сауда орындарында кәдеге жаратуға болады. Жүйе онлайн режимінде пайдаланылған энергия бойынша деректер жинап, тұтынушыға жеткізеді. Заманауи жүйенің арқасында нақты жұмсалған қуат көзінің көлемін қашықтан бақылап отырумен қатар, коммуналдық қызмет үшін есеп айырысуды ретке келтіруге септеседі. Бұл өз кезегінде төлемді үнемдеуге мүмкіндік береді, дейді ғалым. 

Мехди Багери, Назарбаев университетінің инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің профессоры:

– Бұл есептегіш құрылғысы тұтынушыларға кеңес бере алады. Мәселен, «бүгін белгіленген мөлшер шамасынан асып кеттіңіз» деген хабарлама жібереді. Осылайша, электр энергиясын тұтынуды өз қалауыңызша реттеп отыруға болады. Немесе біз жүйені куат көзіне ай сайын төленетін белгілі бір деңгейге дейін бағдарламалай аламыз. Сіз күніне жеткілікті болатын шекті көрсеткішті қоя аласыз. Мәселен, 100 жоқ 100 дегеннің өзі көп. Күн сайын құны 20 доллардан аспайтын тариф белгілеуге болады. Егер сіз бұл шекті бұл деңгейден асып кетсеңіз жүйе бірден ескерту жібереді.

Профессор Багеридің зертханасында құрастырылған ақылды есептегіш құрылғысының түпүлгісі бар сынақтан мүдірмей өткен. Бүгінде жүйе жаппай өндіріс жолына қойылуға дайын. Тек жобаны қаржыландыратын инвесторлар қажет. Ғалым өміршең бастамаға жеке компаниялар, венчурлы инвесторлар мен мемлекет қаржы құя алатынын айтады.

 

Автор: Жеңіс Ермұқанов

Фото: nu.edu.kz


×