Нұр-Сұлтан әуежайында жаңа смарт-шлем сынақтан өтуде

Ақ халат, смарт-шлем және камера. Елорда әуежайында ерекше медицина қызметкері пайда болды. Қара бас киім киген ер адам келуші жолаушылардың назарын бірден өзіне аударады. Жоқ, бұл бізге болашақтан келген арнайы қонақ емес, шетелдік өнертапқыштардың жаңа технологиялық серпіні, науқастарды бірден анықтайтын смарт-шлем.

ЗӘУРЕ ІЛИЯСОВА, «НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ» АҚ ДЕНСАУЛЫҚ ПУНКТІ МЕҢЕГЕРУШІСІ ҚЫЗМЕТІН АТҚАРУШЫ:

 - Құрылғы камера мен тепловизордан тұрады. Ол кез келген адамның, әуежай аумағындағы барлық келіп-кетушілердің дене қызуын өлшейді. Дәрігер камераны пайдалану арқылы адамның бейнесін көреді, ал негізгі дене қызуын тепловизор арқылы өлшейді.

«Робокоп» деп қалжыңдап аталып кеткен медицина қызметкері әуежайдағыларды тек сырттай бақылайды, ал қалған жұмысты құрылғы атқарады. Ол бір уақытта, бірнеше минут ішінде 40 адамның дене қызуын өлшейді. Бұл үшін құрылғыға жақындаудың керегі жоқ, шлем 10-20 метр қашықтықта дене қызуын 36,6 градустан қаншалықты жоғары екенін өлшей алады. Әзіргі елордалық әуежайда аталмыш құрылғының біреуі ғана бар, оның өзі сынақтан өтуде.

ЗӘУРЕ ІЛИЯСОВА, «НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ» АҚ ДЕНСАУЛЫҚ ПУНКТІ МЕҢЕГЕРУШІСІ ҚЫЗМЕТІН АТҚАРУШЫ:

 - Бұл смарт-шлем әзірге сынақтан өтуде. Қазіргі таңда сынақтың үшінші аптасы. Біз оны тек ВИП-залдарда қолданудамыз. Жалпы залда әзір қолданылмайды.

Кейбір мемлекеттер аталмыш ноу-хау туралы тек естіп қана қоймай, шлемді кеңінен қолданып жатқандығын атап өткен жөн. Мысалы, қара бас киімдегі мамандарды Катар, Дубай және Аспан асты елінің әуежайларынан кездестіруге болады. Айтпақшы, соңғысында полиция құрылғыны жиі қолдануда. Смарт-шлемнің белгілі болғандай, дене қызуын өлшеу жалғыз ғана функциясы емес, оның көмегімен азаматтардың қызметтік куәліктерін және олардың автомобильдерін тануға болады. Сондықтан құрылғының бағасы да сәйкес, шамамен 10 мың доллар.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: inastana.kz


×