Қазақстандық стартаптарды сыртқы нарыққа шығару

Ел жастарын заманауи мамандық түрлеріне дағдылап, IT-индустрия және инновациялық экономика салаларына машықтау. Astana Hub үстіміздегі айдың соңына дейін осы бағытта қазақстандық студенттерге арналған Startup Explore жобасын іске қосады. Осының қамында бағдарламалары әлемнің 20-дан астам елінде тараған халықаралық зерттеу және консалтинг ұйымымен меморандум жасалды. Ынтымақтастық аясында тегін оқуға мүмкіндік беретін  10 мың грант орындары ұсынылады. 24 апталық онлайн оқу барысында жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, электрондық сауда және финтех салаларының сарапшылармен теориялық және тәжірибелік сабақтар өтетін болады.

ҚУАНЫШ БАЙҚУВАНОВ, ASTANA HUB БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Бұл толықтай ағылшын тілінде өтетін бағдарлама болады. Оның аясында студенттер әлеуетті бағыттарда жұмыс істеу үшін қажетті дағдыларды дамытуға мүмкіндік алады. Онлайн оқу ағымдағы жылдың 30 қарашасында басталады. Бағдарламаға қатысу үшін өтінім 25 қарашаға дейін қабылданады. Өтінімдерді Astana Hubтың сайтына жіберуге болады. Бағдарламаның қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға Startup Explore курсынан өткендігі туралы сертификат берілетін болады.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін Astana Hub акселераторының тоғызыншы легі іске қосылады. Ондада өткен лектерде болғандай  30-ға тарта үздік стартап іріктеліп, жартысы төл жобаларын отандық және шетелдік инвесторларға таныстыру мүмкіндігіне ие болады. Мәселен, сегізінші акселератордың қатысушылары үш ай ішінде сатылымдарын 73 миллион теңгеге арттырып, 139 жаңа жұмыс орнын ашып үлгерген.

ДӘУЛЕТ БЕЙМУРЗИНОВ, ASTANA HUB БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Қазір әлеуеті зор стартаптар өте көп. Қазіргі таңда әсіресе EduTech стартаптар жақсы дамып келеді. Сондай-ақ соңғы кездері Game dev стартаптарының өскенін байқауға болады. Біз қазір өзіміз түрлі қосымшалар жасай алатын кезге жеттік. Және оларды бәсекелі нарыққа ұсына аламыз.

Бүгінгі таңда Қазақстандық старттаптар негізінен Орталық Азия мен ТМД елдерінің нарқында сұранысқа ие болып, сәтті жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ, Astana Hub-тың бағдарламаларына шет мемлекеттердің жобалары тұрақты түрде қатысады.   

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: kapital.kz


×