Ерлан Тұрғымбаев: электронды білезіктерге қажеттілік жоқ

Ерлан Тұрғымбаев: электронды білезіктерге қажеттілік жоқ

Технологияның да озығы мен тозығы бар. Экс-министр Қалмұхамбет Қасымовтың кезінде ноу-хау деп танылып, жыл сайын пробациялық тіркеудегі 6 мыңға жуық адамды бақылайды деп жар салынған электронды білезіктер Тұрғымбаевтың тұсында қажетсіз болып қалды. Жазасын өтеп шыққандар алдағы уақытта смартфон көмегі арқылы бақылауға алынатын болады, дейді  Ішкі істер министрі.  

«Бүгінде электронды білезіктің қажеті де жоқ сияқты. Себебі әрбір адамда смартфон бар. Біз ол смартфонды ішкі істер органдарында тіркеп қойсақ, есепте тұрған кез келген адамның қайда жүргенін бақылай аламыз. Мысалы, FaceTime арқылы оның нақты қайда жүргенін көруге болады», - деп атап көрсетті Тұрғымбаев.

Электронды гаджеттердің игілігін ішкі істер саласында пайдалану алдағы уақытта кеңейе түспек. Мәселен, қазақстандықтар көліктерін жеке куәлікпен ғана басқара алатын болады. Егер жыл соңына дейін заң жобасы Парламенттен өтетін болса, онда 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке куәліктен басқа ешқандай құжат алмастан көлік құралымен жүре беруге болады.

«Автокөлік құралдарына қатысты құжаттар, жүргізуші куәлігі бойынша ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көктемде бағдарлама әзірлеуді тапсырған еді. Біз оны интеграцияладық. Бүгінгі күні ол бізде бар. Төтенше жағдай кезінде блокпостарда біз оны толықтай сынақтан өткіздік», – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Ішкі істер министрінің айтуынша, бүгінде жол полиция қызметкерлерінің қолында 13 мың электрондық планшет бар. Аталған электрондық құрылғыда жеке тұлға, көлік құралы, сақтандыру компаниясы, көліктің техникалық тексеруден өткендігі туралы құжат және Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында бар өзге де тіркеу құжаттарының базасы интеграцияланған.

 

Фото: opengsm.com


×