Қазақстандағы оқиғаларға шолу

Қазақстандағы оқиғаларға шолу

Қазақстан астанасында коронавирус жұқтыру дерегі күрт өсті

Елордада коронавирус індетін жұқтырғандар саны күрт арта түсті. Нұр-Сұлтан қаласында бір тәулікте 79 адамда COVID-19 диагнозы расталды. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда 46-ға көп. Жалпы денсаулық сақтау министрлігі таратқан ресми ақпарға сай, өткен тәулікте елде  короновирус жұқтырған тағы 682 науқас тіркелді. Соңғы тәулікте Қызылорда облысында бірде-бір ауру жұқтыру дерегі анықталған жоқ. 450 адам сауығып шықты. 9,5 мыңнан астам адам емдеуді жалғастыруда, оның 470-і балалар.

54 жолаушы карантинге жіберілді

Сонымен қатар елімізге келген коронавирусқа қарсы ПТР тесті жоқ жолаушылар қатары да сейілмей тұр. Өткен түні Нұр-Сұлтан және Алматы әуежайларына Түркия, Мысыр, Беларусь және Ресейден ұшақтар келіп қонды. Ондағы 511 елге оралған отандасымыздың 54-інде COVID-19 қарсы тиісті анықтамасы болмаған. Сондықтан талапқа сәйкес олар карантинге жатқызылды.

Санитарлық бекетте бақылау күшейді

Шығыста жұқпалы індеттің ілмегіне ілінгендер әлі азаймай тұр. Өткен бір тәулікте Шығыс Қазақстан облысында 230 дерек анықталған. Соңғы мәліметтер бойынша облыстың жұқпалы аурулар ауруханаларында жеті жүзге жуық науқас жатыр, олардың 76-сының жағдайы ауыр. Аймақта жүргізушілер мен жолаушылардың міндетті термометриясымен 22 санитарлық бекет орналастырылды. Сондықтан таңертең-кешке осы бекеттерде көліктер кептеліп керуен түзілді. Айта кетейік, бекеттерден күніне 8 мыңнан астам көлік өтеді. Қалалар мен аудандар арасындағы «жасыл дәліз» тек азық-түлік жеткізушілер және қажетті заттармен қамтамасыз ететіндер үшін ғана ашық. Бір көлікті тексеруге 2-3 минут кетеді. Эпидемиологтардың басты міндеті - вирустың таралуына тосқауыл қою. Қазір аймақ  ауруға шалдыққандардың саны бойынша  қауіптіліктің «қызыл аумаққа» енген. Мұнда 3 мыңнан астам инфекция ошақтары тіркелді.

БЛИЦ:

- Әрине тексеріс жүріп жатыр. Жылдам. Алғашқы күндері бір түрлі қорқынышты болды. Себебі халық қайда барарын білмей, ары-бері жүрді. Ал, қазір барлығы жақсы.

- Өте жылдам әрі ыңғайлы.

 

Динара Серікова, медбике:

- Тезірек өткізіпі жіберуге тырысып жатырмыз. адамдардың температурасын өлшейміз. Хал-жағдайын сұраймыз. Барлығы жақсы.

 

Науқастар чек-парақтар арқылы бақыланады

Атырау облысында коронавирус жұқтырып үй жағдайында емделіп жатқан науқастар чек-парақтармен бақыланады. Енді дәрігерлер тұрғындарды қашықтықтан қадағалайтын болады. Мобильді бригада дәрігерлері чек-парақтағы ауру белгілеріне байланысты науқасты ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдай алады. Мұндай шешім  науқастың жағдайы күрт нашарлаған жағдайда қосымша аурулардың және адам өміріне қауіп төндіретін факторлар негізінде қабылданады.

   

Фото: toppress.kz


×