Әлем бойынша COVID-19 індетін жұқтырғандар саны 15 миллионнан асты

Әлем бойынша COVID-19 індетін жұқтырғандар саны 15 миллионнан асты

Reuters агенттігінің мәліметіне сәйкес әлем бойынша COVID-19 вирусы анықталған адамдардың саны 15 миллионнан асты. Елдерде қатерлі індетке қарсы шаралар күшейтілгенімен жағдай оңалмай тұр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, бұл сан жыл сайын тұмаумен ауыр формада тіркелетін жағдайлардан үш есе көп. Сондай-ақ, әлем бойынша коронавирустан қайтыс болғандардың саны 616 мыңға жетті.  Бұл 7 айдың ішінде орын алған қайғылы көрсеткіште тұмаудан көз жұматын адамдардың бір жылдық деңгейімен теңесті.

Reuters агенттігінің ресми деректерге негізделіп жасалған мәліметіне сәйкес, әлем бойынша қатерлі індетке шалдығу көрсеткіштері төмендемей тұр. 

Қытайдың Ухань қаласында қаңтар айының басында тіркелген ең алғашқы жағдайдан соң коронавирусқа шалдыққандардың саны 15 аптаның ішінде 2 миллионға жетті. 13 шілдеде қатерлі індет 13 миллион адамда анықталды. Араға бір аптадан сәл ғана астам уақыт салып тіркелген деректер 15 миллион болды.

Сарапшылар, тестілеу жүйесі шектеулі, қорғаныс құралдары тапшы  елдердің ресми билік өкілдері ауруды жұқтыру және өлім көрсеткіштерін төмендетіп беретінін алға тартып отыр.

Ең көп жағдай тіркелген 5 елдің қатарына  Бразилия, Үндістан, Ресей және  Оңтүстік Африка мемлекеттері кіреді. Ал АҚШ пен Латын Америкасы вирус ең жылдам тарайтын елдердің антикөшін бастап тұр. Коронавирус індетін  жұқтырып, қатерлі дерттен қаза болғандардың тең жартысы осы аймақтарға тиесілі.

3 млн 900 мыңнан аса науқас тіркелген АҚШ-та президент Дональд Трамп: «Өкінішке орай, вирустың таралу статитискасы оңалғанша, шығындарымыз көп болады» деп халықты ескертті.

Ал Бразилияда бүгінгі таңда президент Жаир Болсонарумен бірге 2 миллион 150 мыңнан астам азаматта COVID-19 оң нәтиже берді. Елде пандемия басталғалы 81000-нан астам адам індет құрбаны атанды.

Үндістанда коронавирусты жұқтырудың 1 млн 100 мың дерегі расталған. Бүгінгі таңда мұнда тәулігіне  40 мыңға жуық адамда коронавирус инфекциясы анықталады. Бұл аздай Үндістанның солтүстік-шығысында су тасқыны жүріп, үкіметті екі есе әуреге салуда.

Оңтүстік Африканың Министрлер Кабинетіндегі екі министрінен COVID-19  анықталып, аурухана жатқызылды. Жалпы мұнда 381 700 коронавирус жағдайы расталған. Ауру салдарынан 5 368 науқас қайтыс болды.

Кейбір елдерде індетке байланысты қайта шектеулер енгізілуде

Испанияда, демалыс күндері жағалауға халық көп жиналғаннан кейін, Барселонаның жағажайларына демалушылардың санына шектеу қойылды.

Австралияда елдің екінші үлкен қаласы саналатын Мельбурн тұрғындары бүгіннен бастап қоғамдық орындарда бетперде тағуға міндеттелді.

Ал Қытайға келуші жолаушылардың қолында COVID-19 теріс нәтижесі көрсетілген анықтама болуы қажет. Өйткені билік халықаралық рейстердің артуына байланысты өзге елден  вирусты тасымалдауды азайту амалдарын қарастырып отыр.

 

Фото: 24.kz


×