Қазақстанда коронавирус пен пневмония статистикасы біріктірілетін болды

Қазақстанда коронавирус пен пневмония статистикасы біріктірілетін болды

Қазақстанда пневмониямен ауырғандар КВИ жұқтырғандардың статистикасына енгізілетін болды. Бұл туралы онлайн брифингте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

«Коронавирус пен пневмония бойынша мәліметтердің ашықтығын барынша қамтамасыз ету үшін Денсаулық сақтау министрлігі статистикалық мәліметтерді тіркеу және ақпараттандырудың жаңа амал-әдістерін айқындады. ДДСҰ-ның Еуропалық бюросы жүргізген техникалық кеңесті есепке ала отырып, біз КВИ жағдайларын кодтау мен тіркеуде халықаралық аурулар квалификациясының жаңа кодына өту туралы шешім қабылдадық», - деді Алексей Цой.

Оның айтуынша, осылайша COVID-19 ауруының зертханалық тұрғыда дәлелденген жағдайлары – ПТР тест теріс нәтижелі, бірақ COVID-19 клиникалық және эпидемиологиялық белгілерімен ұқсас пневмония жағдайымен теңестіріледі.

«Жинақталған клиникалық тәжірибелерді зерттей отырып, біз осы аурулардың (КВИ мен пневмония) ұқсастығы барын атап өтеміз. Сол себепті оларды емдеудің бірыңғай тактикасын қолдану керек деп есептейміз. 11 шілдеде Денсаулық сақтау министрлігіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 жағдайларын жаңа форматта классификациялау және тіркеу бойынша ресми хабарламасы келгенін атап өткім келеді», - деді Алексей Цой.

Министр бүгінгі таңда Қазақстанда COVID-19 жағдайлары зертханалық тұрғыда дәлелденген мәліметтермен ғана жүргізілетінін жеткізді.

«Әйтсе де, маусым айының үшінші онкүндігінен бастап қоздырғышы айқындалмаған, яғни зертханалық тұрғыда расталмаған пневмония вирусының өсімі байқалды. COVID-19 індетін жұқтыру мен өлім-жітім статистикасы мәліметтердің екі көзінен құралады: COVID-19 жағдайының зертханалық тұрғыда расталған мәліметтері мен айқындалмаған вирусты пневмония бойынша мәліметтер. Халықаралық аурулар квалификациясының жаңа кодын қолдана отырып, COVID-19 кодтауына толық өту 1 тамызда басталады», - деді министр.

 

Фото: zakon.kz


×