Міндетті вакцина: Қазақстандықтардың екпеге қатысты пікірі

Міндетті вакцина: Қазақстандықтардың екпеге қатысты пікірі

Бүгінде Қазақстанда вакцинация мәселесі қызу талқыланып жатыр. Екпеге қарсы шығып, петиция бастағандар да бар. «Бас тарту құқығы» петициясына соңғы екі апта ішінде 170 мыңнан аса адам қол қойған. Халықты дүрліктіруге әлеуметтік желілердегі иммунизацияға қарсы хабарламалар да үлес қосты. WhatsApp мессенджеріндегі хабарламалардың бірінде белгісіз автор пәтердің есігін ешкімге, әсіресе полиция қызметкерлерімен бірге келген дәрігерлерге ашпауға шақырады.

«Олар вирустық инфекцияға тест жүргізіп, арты өлімге әкеп соғатын екпе егеді. Адам жарты жылдан соң ақырындап өледі. Өтінемін, вакцина еккізбеңіздер, әйтпесе бәріміз өзімізді өлім жазасына кесеміз», - делінген жазба үзінділерінде.

Жұртшылық екпе дұрыс-бұрыстығын қызу талқылап жатқан тұста, 13 мамыр күні Мәжіліс депутаттары балаларға міндетті вакцинацияны енгізуді көздейтін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекстің жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа сәйкес, елде балалар екпесінің бір бөлігі міндетті санатқа ауыстырылады. Осыған қатысты біздің арнаның тілшілері бірқатар ата-анамен хабарласып, заңға қатысты ойларын білді. Жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде респонденттердің пікірі қақ жарылды.

«Үш баланың анасымын. Балаларымның ешқайсысы екпеден қалып көрген жоқ. Кейбір аналардың баламызға кесірі тиді, денсаулығынан айырды деген әңгімелерін оқып қаламын. Бірақ мен дәрігерлерге сенемін. Сұрақтарым болса қойып, екпе алуға дайындалып барамыз. Бастысы балама пайдасы тисе болды», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әсел Сазабекова.

«Менің 4 қызым бар. Олардың саулығы үшін тілдері шыққан кезден бастап, жылда қажетті екпелер аламыз. Әдетте вакцинация уақытынан кеш қалмауға тырысамыз. Арнайы білімі бар кәсіби мамандардың кеңесіне құлақ асқан жөн деп санаймын», - дейді СҚО тұрғыны Аягөз Жамулдинова.

«Вакцинация жаңадан ойлап табылған. Олар әлі де сәйкесінше тәжірибеден өтіп үлгермеген. Ол үшін уақыт қажет. Тіпті кей жағдайларда екпе алған балалар мүгедек болып қалғанын естіп жатырмыз. Сондықтан балама міндетті екпе жасауға қарсымын», - дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Алуа Исабаева.

Мамандар болса вакцинадан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше балаларда иммундық жүйе қалыптасады дейді.

«Соңғы уақытта әлеуметтік желіде екпені міндеттеуді қарастыратын Кодекстің қабылдануына қарсы көп талқылаулар жүріп жатыр.  Казіргі таңда  антивакцина және дінге байланысты екпеден бас тарту жағдайы  көбеюде. Мысалы былтыр кызылша ауруының  өршуі байқалды.  Бұл 1 жаска дейінгі салынатын вакцина уакытылы алынбауына байланысты. Осыған орай инфекциялык аурудың алдын алудың бірден бір жолы- ол әрине  вакцинаны өз уакытымен салу», - дейді жалпы тәжірибелік  дәрігер Мұратбек Жұмаділов.

Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, елде вакцинация мәжбүрлі болмайды. Министр әрбір вакцина қауіпсіздік, тиімділігі мен сапасы бойынша көпсатылы тексерістен өтеді. Сараптамалардың бәрі де өндірістік тәжірибенің GMP халықаралық стандартына сай келеді деп сендірді.

«Қазақстанда вакцинация мәжбүрлі болмайды! Бүкіл әлемдегідей бізде де ерікті түрде жасатуға болатын және міндетті вакцинациялар болады. Бірақ әр жағдайда ата-ана өзі шешеді, одан келісім алынады не болмаса бас тартатынын айтады! Вакцинация жасалмаған балалардың құқығына шектеу қоятын ешқандай норма жоқ! Тек бір норма бар, ол ұжымдық иммунитет, яғни балабақшаға баратын барлық баланың денсаулығын қорғайтын иммунитет», - деді министр.

Министрдің айтуынша, былтыр Қазақстанда 4,8 миллион балаға вакцинация жасалса, 6 мыңға тарта баланың ата-анасы екпе жасаудан бас тартқан.

Айта кетейік,  әлемде коронавирус індеті жаппай тарай бастағанда вакцинацияға қарсы адамдар саны көбейгені байқалған. Желідегілер билік халыққа вакцина егіп, сол арқылы бәрін бақылап отырады деп топшылаған. Нәтижесінде сол ақпаратты оқыған адамдар вакцинаға жаппай қарсы шыға бастады.

Дейтұра, Еуропа елдерінінің әрбірінде балаларға екпе жасаудың өз күнтізбесі құрылған. Мәселен, Бельгияда полиомелитке қарсы вакциналаудан бас тартқаны үшін қылмыстық жаза қарастырылса, өзге екпелерсіз балабақшаға қабылдамайды. Францияда оған қоса дифтерия және сіреспеге қарсы екпе жасалады. Баланы мектепке беру үшін туберкулезге қарсы да егу қажет. Италияда міндетті егулер тізіміне В гепатитіне қарсы вакцина да кіреді. Шығыс Еуропа елдерінде бұл тізім кеңірек. Словения, Чехия және Венгрияда көкжөтел, қызылша, паротит, қызамық, гемофилді инфекцияға және туберкулезге қарсы екпе жасауы тиіс.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: naked-science.ru


×