Қазақстанда 211 медициналық қызметкер коронавирус жұқтырған

Қазақстанның 13 өңірінде 211 дәрігер коронавирус жұқтырды. Бұл – елімізде аталған инфекцияға шалдыққандардың жалпы санының 20,5%, деп мәлім етті ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова.
Оның айтуынша, медициналық қызметкерлер арасында ауру жұқтырудың ең жоғары көрсеткіші Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында. Инфекцияға шалдығудың 74 жағдайы науқастарға күтім көрсетуші салалық қызметкерлердің арасында тіркелген.
«Нұр-Сұлтан қаласындағы карантин орталығында – 20 адам, Қарағанды облысындағы провизорлық стационарда – 10, СҚО, БҚО және Түркістан облыстарында – 10. Инфекциялық ауруханаларда – 44, Алматыда – 28, Нұр-Сұлтанда – 9, Атырауда – 4, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыстарында бір-бір жағдайдан тіркелді», - деді Л.Бюрабекова.
Ведомство өкілі коронавирус инфекциясына қатысты елдегі ахуал туралы хабарлады:
«Қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирус инфенкциясын жұқтырудың 979 жағдайы тіркелген, соның ішінде 110 адам жазылып шықты. 21 пациенттің жағдайы ауыр. 12 адамның өлімі тіркелді. Орта есеппен алғанда, күнделікті өсім 9,9% деңгейінде: өткен тәулікте Қазақстан бойынша ауру жұқтырудың 86 жағдайы тіркелді, өсім көрсеткіші -9,9%, соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында – 20, Алматы қаласында – 28», - деп хабарлады Л. Бюрабекова.
Фото: tengrinews.kz