Әлем бойынша 214 мыңнан аса адам коронавирус инфекциясын жұқтырған

Әлем бойынша 214 мыңнан аса адам коронавирус инфекциясын жұқтырған, деп хабарлайды Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы. Жұқтыру оқиғаларының 80% Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты аймағына тиесілі.
АҚШ-та коронавируске шалдыққандар қатары 9 мыңнан асты, 150 адам көз жұмған. Бүгінде COVID-19 Кәрі құрлық елдерінің барлығында тіркелген. Италияның Азаматтық қорғаныс қызметі ел аумағында бір тәулікте коронавирустан 475 адам көз жұмғанын хабарлады. Науқастар саны 36 мыңға жуықтаған. Ал Ұлыбританияда коронавирус 2 мыңға тарта адамнан анықталды, 71-і қайтыс болды. Бельгияда 14 адам көз жұмды.
ТМД елдері бойынша вирус жұқтыру бойынша ең жоғары көрсеткіш Ресейде тіркеліп отыр. Соңғы мәліметке сәйкес, қауіпті инфекция 147 адамда анықталған. Беларусь Республикасында – 51, оның бесеуі сауығып шыққан, Арменияда науқастар саны 100-ден асты, Өзбекстанда – 18, Қырғызстанда - 3.
Ал вирус бас көтерген Қытайдың өзінде коронавирус 81 мыңнан аса азаматта қуатталып отыр. Инфекция ошағы – Ухань қаласында алғаш рет науқастар анықталған жоқ.
Оңтүстік-шығыс Азияда коронавирустың таралуы бойынша Малайзия алдынғы орында. Соңғы мәліметке қарағанда, бұл мемлекетте COVID-19 жұқтырғандардың саны 673-ке жеткен. Дерттен 2 адам көз жұмды
Жалпы, дүниежүзі бойынша аталған вирустың таралуы бойынша Қытай бірінші орында –81 мыңнан аса адам. Екінші орында — Италия – 36 мыңға жуық науқас. Үштікті Иран қорытындылайды, онда коронавирус 17 361 мыңнан аса пациентте қуатталды.
Фото: medikom.ua