Абай әндерінің жинағы ағылшын тілінде жарық көрді

Абай әндерінің жинағы ағылшын тілінде жарық көрді

Лондонда Абай әндерінің ағылшын тіліндегі жинағының онлайн-тұсаукесері өтті. Басылым Ұлыбританиядағы Қазақстан Елшілігі Ұлттық аударма бюросының қолдауымен қазақтың ұлы ақыны, философы және ағартушысының туғанына 175 жыл толуына орай жарық көрді. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаған Абай ән мен күй жазумен де айналысқан. Оның қалдырған музыкалық мұрасы ұлттық мәдениетіміздің құнды бөлігі болып саналады.

Ерлан Ыдырысов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі:

 - Абайдың поэзиясы, оның философиялық еңбектері көпшілікке жақсы танымал. Алайда оның музыкалық мұрасы кең аудиторияға аса белгілі емес. Бұл кітапқа біз Абайдың ең танымал әндерінің басын қостық. Басылымның ерекшелігі - QR-кодтар арқылы шетелдік достарымыз вебсайттарға өтіп, аталған туындыларды қазақстандық музыканттардың орындауында тыңдай алады.

Іс-шара барысында онлайн-концерт өткізіліп, онда Абайдың әндері орындалды. Айта кетейік, ғұламаның әндерін ағылшын тіліне шотланд ақыны Джон Бернсайд тәржімалаған. Ол шығармалардың мағынасын жеткізіп қана қоймай, оларды түпнұсқаға барынша жақындата білді. Бұл үшін профессор қазақ тілді ассистенттер берген сызықтық аударманы қолданған.

Джон Бернсайд, аудармашы:

- Мен үшін бұл асқан жауапкершілікті талап еткен жұмыс болды. Алайда қуана кірістім. Абай әндерінің ырғағын, әуездігін жоғлатпай, мағынасын жеткізу керек болды. Ұйқастарын сақтауға назар аудардым. Әдетте өлеңді аударғанда, бұл стратегия қолданылмайды.

1500 дана таралыммен шыққан жинаққа 3 күй және 23 ән, сондай-ақ, Абай әндерінің партитуралары мен мәтіндері енген. Сонымен қатар, кітаптың электрондық нұсқасы да қолжетімді. Жинақ бірінші кезекте музыкалық оқу орындарына таратылады, сондай-ақ, Қазақстанның Ұлыбританиядағы достарына тарту етіледі.

 

Фото: express-k.kz


×