ЮНЕСКО-да Абайдың 175 жылдығына арналған шара өтті

Абайдың 175 жылдық мерейтойы биыл ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілуде. Халықаралық ұйымның штаб-пәтерінде атаулы датаға арналған іс-шара онлайн форматында өтті. Ұйымның бас директоры Одре Азуле өз сөзінде Абайдың 150 жылдық мерейтойы да ЮНЕСКО аясында аталып өткенін еске алды. Ол Абай Орталық Азия, Ресей мен батыс елдердің әдебиетін жіті зерттеп, Гёте, Байрон мен Пушкин шығармаларын қазақ тіліне аударып, халықтар арасындағы көпір болғанын айтты. Сол себепті оны әлемнің ақыны деп есептеу керектігін жеткізді.  

Одре Азуле, ЮНЕСКО бас директоры:

- Бүкіл ғаламымыз қиын кезеңді бастан кешіп, санитарлық, әлеуметтік, ағарту және мәдениет секілді көптеген салаларда дағдарысқа ұшыраған тұста, Абайдың үндеуі өте өзекті болып тұр.  Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі, деп айтқан еді. Біз осы қыстың аяқталуына дайын болуымыз керек. Абай өмір бойы бейбітшілік пен адамгершілікке үндеп келді. ЮНЕСКО және Қазақстан Республикасы бірлесіп, осы өсиетін абыроймен орындап жатыр.

 

Фото: strategy2050.kz


×