Елордадағы ұлттық музейге жаңа «Алтын Адам» қойылды

 «Ұлы Даланың ежелгі өнері және технологиялары». Дәл осындай атаумен елорданың Ұлттық музейінде бірегей бұйымдарға толы жаңа  зал ашылды. Зал экспозициясында көпшілікке Есік, Берел, Талды, Тақсай және өзге де қорғандардан табылған «аң» стилінде орындалған скиф-сақ кезеңінің бірегей алтын бұйымдары ұсынылады. Сондай-ақ, аталмыш көрмеде басты назарды Шығыс Қазақстан облысынан табылған тағы бір «Алтын адам» аударды. Ерекше экспонат енді елорда көрермендері мен қонақтарының көзайымына айналмақ.

Нұрлан Күнтуов, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын үйлестіру департаментінің директоры:

– Бұл көрменің, жалпы бұл жобаның негізгі мақсаты бұл бірінші кезекте бізге, ата-бабамыздан қалған құндылықтарымызды, рухани, мәдени, материалдық жәдігерлерімізді жинақтап іздеп, тауып, оны ретке келтіріп, қазіргі күнгі қазақстандықтарға, соның ішінде өскелең ұрпаққа ұсыну. Өздеріңізге мәлім жалпы елімізде осы кезге дейін де бірнеше «Алтын адам» табылған болатын. Алматы облысынан табылды, Ақтөбе облысынан табылды. Міне енді Шығыс Қазақстан облысынан табылып жатыр. Бұл жалпы нені білдіреді? Менің ойымша бұл, біздің ата-бабаларымыздың мәдени-рухани тұрғыдан, тек қана одан ғана емес, сонымен қатар материалдық тұрғыдан да жоғары дамығандығын көрсеткіші.

Елеке сазы қорымынан табылған «Алтын адамның» авторы, археолог Зейнолла  Самашевтың айтуынша, жәдігер көне ғасырдан бүгінгі заманға дейін бүлінбей сақталған. Сондықтан оны қалпына келтіру аса қиындық тудырмапты.

Зейнолла Самашев, археолог:

– Алтын адамдар туралы көп әңгіме болады ғой. Солардың екеуі ғана тоналмаған. 1969 жылы Есік қорғанынан табылған адам, содан кейін мынау екіншісі Елеке сазындағы. Екеуінің жасы да бірдей. Бірақ, мына Елеке сазындағы табылған адамның ерекшелігі 4 ғасыр бұрын өмір сүрген Есіктегі Алтын адамнан. Бұл 4 ғасырға жатады б.з.д. Анау 8 ғасырға жатады.

Айта кетейік, аталмыш зал ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында ашылды.

 

Фото: total.kz


×