Қазақстанда V Еуропалық онлайн-кинофестиваль басталды

Драмалар мен комедиялардан бастап, анимациялық және деректі фильмдерге дейін. Қазақстандағы V Еуропалық кинофестиваль аясында 18 үздік киножұмыс көрсетіледі. Шара 20 күнге созылады және толығымен онлайн форматта өтеді. Оның ұйымдастырушысы – Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігі. Жергілікті көрерменнің назарына ұсынылатын туындылардың көпшілігі – беделді халықаралық кинофестивальдердің жеңімпаздары. Сондай-ақ, шара аясында эксклюзивті пікірталастар, шеберлік сыныптары, еуропалық және қазақстандық режиссерлармен кездесулер жоспарланған. Басты мақсат - қазақстандық көрерменді еуропалық киномен таныстыру, кинематография өнеріне көпшіліктің қызығушылығын арттыру және нәтижесінде халықаралық ынтымақтастықты нығайту.

МАЧЕЙ МАДАЛИНСКИ, ҚР ЕО САЯСАТ, БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ АҚПАРАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Біз қазақстандық көрермендерге қазіргі Еуропадағы мәселелермен жақынырақ танысу қаншалықты қызықты екендігін білеміз. Бүгін Еуропада көші-қон, жастар, дін, қоршаған орта проблемалары, климаттың өзгеруі және адам құқықтары сияқты көптеген мәселелер басты талқыда. Мысалы, фестивальді ашатын алғашқы фильм «Чамбра»   – бұл бірлескен өнім. Оны түсіруге Италия, Америка, Бразилия елдері тартылды. Бұл туынды Оңтүстік Италиядағы мигрант жігіттің өмірі, жеке мәселелері туралы баяндайды. Ал фестивальдің жабылу салтанатында көрсетілетін фильм - бұл өмірі сәттілікке толы болуын қалаған Эстонияда тұратын әйел туралы эстониялық киножұмыс. Яғни, түрлі тақырыпты қозғайтын фильмдер ұсынылады.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

 

Фото: brod.kz


×