Орталық Азия елдері коронавирусқа тосқауыл қою шараларын қабылдауда

Орталық Азия елдері коронавирусқа тосқауыл қою шараларын қабылдауда

Өзбекстанда 65 жастан асқан азаматтарға үйден шығуға тыйым салынды. Бұндай шешімді елде коронавируспен күресу қамында құрылған арнайы комиссия шығарды. Егде жастағы адамдарға тек үйдің маңындағы азық-түлік дүкендері мен дәріханаларға ғана бару рұқсат етілген. Ата кетейік, республикада соңғы тәулікте короновирустың жаңа 8 ошағы тіркеліп, қатерлі індет жұқтырғандардың саны 187 адамға жетті. 12 науқас дерттен емделіп, 2 адам коронавирустан көзжұмды.

Қырғызстанның Талас облысынан басқа аймақтарының барлығында коронавирус індеті анықталды. Республика Денсаулық сақтау  министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда елде қатерлі дерт жұқтырудың 116 жағдайы тіркелген. 3 науқас айығып шықты. Бішкек, Ош, Джалал-Абад пен үш ауданда төтенше жағдай жарияланып, коменданттық сағат еңгізілді.

Тәжікстан мен Түркменстан елдерінде коронавирус инфекциясы анықталды деген ресми ақпарат жоқ. Бұл мемлекеттердің басшылығы әлемде белең алған індеттің алдын алып, таратпау үшін барлық сақтық шаралары қолға алынғанын айтып отыр.

 

Фото: 24.kg


×