Орталық Азия елдеріндегі басты оқиғаларға шолу

Қазақстан аймақтағы газ транзиті бойынша ірі хабқа айналды. Бірінші жартыжылдықта құбыр арқылы көгілдір отын тасымалдау көлемі 140 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1%-ға артық. 2018 жылғы жалпы көрсеткіш 280 млн тоннадан асты. 2017 жылға қарағандағы өсім 20,6%-ға тең. Республикада магистральді газ құбырларының ұзындығы соңғы онжылдықта 2 есеге жуық өсті. Осылайша, Қазақстан жаңа газ құбырларын, компрессорлық станцияларды салу және жаңа технологияларды енгізу есебінен өзінің газ тасымалдау және транзиттік әлеуетін барынша пайдаланып отыр.
*************************************
Азия Даму Банкі Өзбекстанда фотоэлектрлік станцияның құрылысы бойынша жобаға қолдау көрсетпек. Оның құны 800 млн долларға жуық бағаланып отыр. Фотоэлектрлік станциялардың жоспарланған қуаты - 1 мың МВт дейін. Халықаралық қаржы институты жобаның тұжырымдамасын, қаржы моделін, электр энергиясын сатып алу туралы келісімді дайындау жұмыстарын ұйымдастырады. Жобаны 2021 жылы іске асыру жоспарланған.
***********************************
Еуропалық комиссия Тәжікстанның ауылдық елді мекендерін дамытуға бағытталған бағдарламаны қолға алды. Бөлінетін қаржы сомасы – 59 миллион еуро. Бұдан басқа, Еуропалық одақ жергілікті бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, табиғи ресурстарды басқаруды күшейтуге және республикада су ресурстарын тиімді пайдалануға қолдау көрсетпек.
**********************************************
Өзбекстанда жастар туризмін дамыту тұжырымдамасы әзірленбек. Бұл елдің туристік әлеуетін әртараптандырудағы басым бағыт болып табылады. Негізгі мақсат - Өзбекстанға жас туристерді тарту үшін қолайлы жағдай жасау, мәдени-ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыру және жас туристер үшін жеңілдіктер жүйесін және тиісті инфрақұрылым құру.
Фото: center.kg