Орталық Азия бойынша ұсынымдар жария етілді

Халықаралық қатынастар бойынша Еуразиялық кеңес Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясына арналған өз ұсынымдарын жария етті. Құжатқа Еуроодақтың Орталық Азиямен 2020-2027 жылдар аралығында байланысты нығайтуға бағытталған идеялары енген. Жаңа стратегияда Еуроодақтың аймақ бойынша жоспары түзілді. Қарым-қатынастың тиімді тұстары мен бәсекелес тараптарды шынайы бағалауға мән берілген. Бұл – тәжірибелік ұсынымдардың бір парасы ғана дейді құжаттың авторлары.
ПИТЕР БУРИАН, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БОЙЫНША ЕУРООДАҚТЫҢ АРНАЙЫ ӨКІЛІ:
- Қазақстан – біздің негізгі сауда әріптесіміз және Еуроодақ сіздердің елдегі ең алғашқы инвестор. Бұл біздің қарым-қатынасымыздың қандай деңгейде екендігін айқындайды деп ойлаймын. Біз бұл байланысты одан әрі нығайтуға ниеттіміз.
Баяндаманың таныстырылымына Халықаралық қатынастар бойынша Еуразиялық кеңес жанындағы Консультативті кеңес мүшелері: беделді саясаткерлер – Еуропалық мемлекеттердің бұрынғы президенттері мен министрлері, британиялық БАҚ және қазақстандық дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.
РОМАН ВАСИЛЕНКО, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
- Қазақстан Еуропалық одақпен одан әрі стратегиялық қарым-қатынас орнатуға мүдделі. Бұл қарым-қатынас кеңейтілген әріптестік байланыс негізінде құрылады және жуырда толығымен күшіне енеді деп сенеміз.
Халықаралық қатынастар бойынша Еуразиялық кеңес – Орталық Азияға маманданған тәуелсіз ақылдастар алқасы. Кеңес мүшелерінің айтуынша, болашақта оның жұмысы аймақ танымалдылығын арттырып, Еуропа мен Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық және саяси байланыстарды нығайтуға бағыттала бермек.