Орталық Азия елдеріндегі басты оқиғаларға шолу

Өзбекстан мен Түркменстан өзара тауар айналымының көлемін 2020 жылға дейін 500 млн долларға жеткізбек. Бұл туралы «UzDaily.uz» жаңалықтар порталы хабарлайды. 2017 жылы қос ел 177 млн долларға сауда-саттық жасаған. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында екі арадағы тауар айналымы 55 % артқан. Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, агросекторды және логистиканы дамыту сияқты салалар белгіленді. Сондай-ақ Еуропа мен Таяу Шығыс елдерінің нарықтарына, Қара және Жерорта теңіздері аймақтарына тауар жеткізу үшін Түркменстан Өзбекстанға Каспий жағалауындағы инфрақұрылымды пайдалануды ұсынды.
**************************************************************
http://ca-news.org/news:1444321
Тәжікстан мен Өзбекстан кәсіпкерлері ынтымақтастық аясын кеңейтуге уағдаласты. Ортаазиялық екі елдің іскерлері жалпы сомасы 104 млн доллар болатын тауарлар мен қызметтер жеткізілімі туралы келісімшарттарға қол қойды. «ca-news» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, тараптар Самарқандта өткен бизнес форумда өзара тиімді уағдаластықтарға қол жеткізген. Шараның мақсаты Соғда және Самарқанд облыстары кәсіпкерлерінің арасында өзара ықпалдастықты арттыру болды.
*************************************************************
http://ca-news.org/news:1444347
Түркменстан Дубайда өтетін «ЕХРО-2020» көрмесіне қатысады. Қазір Дүниежүзілік көрмеге дайындық қызу жүргізілуде. «ca-news» порталы елдің мемлекеттік ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлағандай, Түркменстанның ұлттық экспозициясы ұлттық нақышта безендіріліп, инновациялық техникалық құрал-жабдықтармен жарақталмақ. Ел басшылығының айтуынша, «ЕХРО-2020» республиканың инвестициялық және экспорттық әлеуетін таныстыруға үлкен мүмкіндіктер ашады.
****************************************************************
http://ca-news.org/news:1444700
«Қазақстан – Ұлы дала елі». Жақында іске қосылған жаңа мобильді қосымша осылай аталады. Бұл – республиканың цифрлық энциклопедиясы. Астана әкімдігінің ақпаратына сәйкес, қосымшаға Қазақстан туралы толыққанды ақпарат беретін фотосуреттер, бейнероликтер, 3D материалдар, панорамалық саяхаттар, инфографика мен интерактив карталар жүктелген, деп хабарлайды «ca-news» порталы. Ұялы қосымшадағы мәліметтер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылған. Сондықтан ол Қазақстанға саяхат жасағысы келетін шетелдіктер үшін көмекші құрал болмақ.