1-Жылу электр орталығы ауаға бөлінетін зиянды қалдықты үш есеге азайтты

Соңғы үш жылда Алматыдағы 1-Жылу электр орталығы қоршаған ортаға бөлінетін зиянды қалдықтарды шамамен үш есеге азайтты. Мұндай нәтижеге табиғи газға ауысқан соң қол жетіп отыр. Газға ауыстыру жобасын «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы жүзеге асырды.

Исахан Сырғабаев, 1-жылу электр орталығының басқарушы директоры:

Жылына 3 мың тонна шығарылып отырса, қазір 800 тоннаға дейін түстік. Қарасаңыздар, 2,5 еседен көп, 3 еседей түсіп қалды. Оның барлығы біздің осы экологияға жақсы әсері бар. Шешімді қабылдаған «Самұрық-Энерго» болатын.

1-Жылу электр орталығы Алматының орталық және шығыс бөлігін қамтамасыз етеді. Станция қаланың ішінде тұр. Сондықтан көгілдір отынға ауысу қажеттіліктен туындаған. Табиғи газға ауысу қызметкерлердіңде жұмысын жеңілдетті. Көмірдің машақаты көп болатын. Оның үстіне айналаны күйе басып кететін.

Исахан Сырғабаев, 1-жылу электр орталығының басқарушы директоры:

Газға көшкенімізге төртінші жыл болды. Қазір алты энергетикалық бу қазанының барлығы газбен жұмыс істейді. Содан кейін су жылыту қазандығы деген бар, ол да газбен жұмыс істейді.

1-Жылу электр орталығының қуаты сағатына 1203 гигакалорияға жетеді. Бұл дегеніңіз, тоғыз қабатты 1350 үйді қамтамасыз ете алады. Болашақта «Самұрық-Энерго» компаниясы Алматыдағы өзіне қарасты 2 және 3-жылу электр орталығын да табиғи газға ауыстыруды жоспарлап отыр.

 

Фото: dixinews.kz


×