ЕАЭО: өзара тиімді серіктестік

Шетелдік серіктестер үшін Қазақстан тартымды бола түсті. Еуразиялық экономикалық одақтың артықшылықтары туралы Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова баяндады. Оның айтуынша, бірінші кезекте, мұндай ынтымақтастықтан еліміз көріп отырған басты тиімділік - 184 миллион тұтынушысы бар алып нарыққа өнім жеткізу мүмкіндігі. Сондай-ақ, спикер бүгінде одақтың құқықтық ресімделуі аяқталғанын хабарлады. Бұл іс жүзінде тауарлардың, қызметтердің, капиталдың, сондай-ақ жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігін қамтамасыз етуге жол ашты.

Жанель Күшікова, сауда және интеграция вице-министрі:  

- Бізде дипломдар өзара мойындалады. Сондай-ақ, тұрғындар одақ шеңберінде сапар шеккенде одаққа мүше елдердің аумағында 30 тәулік бойы тіркеусіз жүре алады. Жұмысқа орналасу бойынша шектеу жоқ. 53 сектор бойынша бірыңғай қызмет нарығын іске қосу туралы келісімге қол жеткізілді.

Одақ іске қосылғалы Қазақстанның серіктестер мемлекеттермен өзара сауда көлемі 33%-ке өсті. Бұдан басқа, экспорттың нақты көлемінің 4%-ке артқаны байқалады. Бұл ретте өңделген өнімді сату мөлшері ұлғайды. Жалпы, қазақстандық экспорттың көлемі екі еселенді. Бұл, негізінен, рәсімделетін құжаттардың азаюымен байланысты. Яғни қазір бюрократияға жол жоқ. Атап айтқанда, тауарларды кедендік декларациялау алынып тасталды. Сондай-ақ, елдер арасында сәйкестік сертификаттарын өзара тану туралы келісім бар. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы серіктес мемлекеттермен ынтымақтастық отандық агроөнеркәсіптік кешеніне де оң әсерін тигізуде. Алдағы уақытта да бұл жұмыс ары қарай өз жалғасын табатынын ведомство өкілдері брифинг барында атап өтті.

Нұрбек Дайырбеков, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасындағы кедергілер мен тосқауылдарды жою, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру, оның ішінде одаққа мүше мемлекеттердің ірі сауда орындарымен келіссөздер жүргізу, келісімшарттар жасау және көтерме-тарату орталықтарының жүйесін дамыту, агросала мамандарын дайындау бағытындағы жұмысты жандандыра түсетін боламыз.

Одақ кәсіпкерлері Қазақстандағы жобаларға инвестиция салуға мүдделі. Тікелей шетелдік инвестициялардың құрамындағы одақтас елдер салған қаржының үлесі 6 процентті құрайды. Ал одақтас капиталдың қатысуы бар кәсіпорындар қатары  екі есе артты.

 

Автор: Ақзер Сегізбай

Фото: ravel.com.br


×