Қарағанды облысына 53 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған

Қарағанды облысына 53 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған

Қарағанды облысының жыл қорытындысы жасалды. Мамандардың айтуынша, соңғы 10 айда барлық салада айтарлықтай өсім бар. Біріншіден, бұл аймақтың инвестициялық климаты. Жыл басынан бері қарағандылықтар негізгі капиталға шамамен 53 млрд теңге тартты. Олардың басым бөлігі – жеке инвестициялар және шамамен 35 проценті шетелдік компаниялардың салымдары. Мұндай ақпаратты ОКҚ брифингінде Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Құны 2 трлн теңге болатын 45 жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 12 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын құруға қол жеткізбекпіз. 20 жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асады. Жыл соңына дейін облыста 203 млрд теңгеге 11 жаңа өндіріс орны  ашылып, 2 жарым мыңнан аса тұрақты жұмыс орны құрылады. Машина құрастыру саласында жаңа өсім күтудеміз. Ескі резинатехникалық бұйымдар зауытының базасында бірқатар жоба, атап айтсақ автобус және басқа да арнайы техникалар өндірісі жоспарланып отыр. Жобаға қытайлық жетекші компания қатысады.

Айта кету керек, аймақтың басты салаларының бірі – өнеркәсіптік өндірістің көрсеткештері жақсы деңгейде. Мұндағы өнім көлемі 2,4 трлн теңгені құрады.

Сонымен қатар, әлемде орын алған тұрақсыздыққа қарамастан, Қарағанды облысының барлық кәсіпорындары штаттық режимде жұмыс істеуін жалғастыруда. Бұдан басқа, ондаған жаңа жобалар іске асырылуда. Аталмыш жобаларға қазіргі таңда басымдық беріліп отыр.

Өңір басшысының айтуынша, биыл машина жасау саласының үлесін екі есеге арттыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Тек осы саладағы астық миллион тоннадан асқан. Тағы бір жақсы көрсеткішке ие сала – шағын және орта бизнес екендігін атап өткен жөн.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Мемлекеттік қолдаудың арқасында облыстағы шағын және орта бизнес  биылғы жылғы 10 айда өнім көлемін 4 процентке арттырды. 2200 жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде осы саладағы  жұмыспен қамту көрсеткішін сақтап қалдық. Бұл біз үшін өте маңызды, себебі, шағын және орта бизнес бұл күні облыстағы белсенді экономикалық топтың 30 процентін құрап отыр.

 

Фото: total.kz


×