Сарапшылар: Отандық мұнай кәсіпорындарының 80%-і жасыл технологияларға көшті

Қазақстандық мұнай кәсіпорындарының 80 проценті жасыл технологияларға, егер басқаша айтсақ ең озық қолжетімді технологиялар қағидаттарына көшті. Нақтылайтын болсақ, өз қызметінің нәтижесінде зиянды шығарындылар шығаратын жергілікті компаниялардың көпшілігі экологиялық таза жұмыс әдістерін белсенді қолдана бастады. Мұндай қорытындыға қазірдің өзінде кәсіпорындарды онлайн-тексеруді жүргізіп жатқан арнайы бюроның сарапшылары келді. Олар тексерісті мұнай өңдеу саласынан бастаған. Сала өкілдері зауыттардың өзгеруге дайын екендігін, жаңғырту жүргізіліп жатқандығын және табиғатты қорғауға бағытталған жаңа жабдықтарға ақша салынғандығын көрсетті.

Тексеру жұмыстарын жүргізуші мамандардың айтуынша, келер жылғы шілде айының соңына дейін олар осындай 100-ге жуық ұйымды тексеруі керек. Жалпы, бірінші санаттағы, яғни ірі ластаушылар қатарында елімізде 2,5 мыңнан астам кәсіпорын бар.

СЕРІК НҰРКЕНОВ, ОҚТ БЮРОСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:

 - Қазіргі таңда тізім бекітілген және ол тізім 97 кәсіпорыннан тұрады. 50 кәсіпорын бұл міндетті көшпелі тексеруге жататын ірі санаттағы объектілер, қалған 47 кәсіпорын камералдық жолмен тексерілетін болады. Бірақ елдегі карантин шараларына байланысты барып тексеру жұмыстары кейінге қалдырылып отыр. Озық қолжетімді технологиялар бюросы келер жылдан бастап, яғни қаңтар айынан халықаралық сарапшылардың қатысуымен көшпелі тексерулерге кірісуді жоспарлап отыр. Бұл Атырау, Теміртау, Өскемен, Павлодар сияқты ірі қалалар және сарапшылар жағдайды өз көздерімен көретін болады.

 

Фото: oilcapital.ru


×