Экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері Мәжілісте айтылды

Экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері Мәжілісте айтылды

Инвестиция тарту, кәсіпкерлікті және нақты секторды, тұрақты қаржы нарығын, цифрландыруды, жобалық басқаруды, ақша-кредит, әлеуметтік және сауда саясатын дамыту. Ел экономикасын дәл осылай, заңнамалық деңгейде қалпына келтіруді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ұсынды.

Жаңа заң жобасын сала басшысы Мәжілістің жалпы отырысында таныстырды. Оның айтуынша, тиісті құжаттағы түзетулер 81 заңнамалық актіге қатысты. Бірінші кезекте, инвестициялар тарту үшін министр мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін жетілдіруді және рәсімдерін оңтайландыруды ұсынады. Бұдан басқа, бизнес субьектілеріне қолайлы болуы үшін әрі іскерлердің уақытын үнемдеу мақсатында «Бірыңғай терезе» қағидаты бойынша  «Бизнеске арналған үкімет» веб-порталын және бизнес әріптестердің тізімін енгізу жөніндегі тиісті функцияларды бекіту керек. Ал тамақ және жеңіл өнеркәсіптің жаңа нысандары үшін инвестиция шегін 2 есе азайту ұсынылды.

РУСЛАН ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

 - Заң жобасы Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы және Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия шеңберінде берілген тапсырмаларын, сондай-ақ Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарда көзделген шараларды іске асыруға бағытталған. Жалпы, Заң жобасын қабылдау экономика салаларын, оның ішінде пандемияға байланысты шектеу шараларының салдарынан зардап шеккен салаларды дамытуды ынталандыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ тұрақты экономикалық өсудің негізін қамтамасыз етеді.

Бұдан басқа, Руслан Дәленов айтқан жаңа түзетулерге сәйкес қазақстандықтар келесі жылдан бастап өз зейнетақы жинақтарын ипотекалық несие алуға немесе емделу ақысына жұмсай алады. Ведомство жасанды интеллекттің ұлттық платформасын қалыптастыруға жағдай жасайтын түзетулерді және жеке деректерді жинауға, өңдеуге және қорғауға байланысты түзетулерді бекітуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, заң жобасын мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады.

Авторы: Ақзер Сегізбаева 

 

Фото: 24.kz


×