Үкімет Түркістан қаласының бас жоспары жобасын мақұлдады

Үкімет Түркістан қаласының бас жоспары жобасын мақұлдады

Түркістан облыс орталығы болғалы негізгі капиталына 400 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Шаһар аумағы 3 мың гектарға ұлғайып, келбеті түрленіп, көркейе түсті. Үкімет Түркістан қаласының бас жоспары жобасын мақұлдады. Құжатта бірқатар жобалық кезеңдер қабылданған. Басты мақсат

қасиетті мекенді түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамытып, туристік ағынды еселеу. Қазір мұнда Әзірет Сұлтан қорық мұражайы, Керуен сарай, Тұңғыш Президент саябағы, Назарбаев аллеясы мен жеке салымшылар тарапынан ірі жобалар салынып жатыр. Тұжырымдамаға сәйкес, Сырдария өзенінің табиғи өсімдіктер дүниесімен бірігуді қамтамасыз ететін жасыл белдеу қалыптастыру көзделген. Көгалдандыру есептік мерзімге қарай 1539 гектарға жетеді. Бүгінде ол тек 187 гектарды құрайды.  Бұдан басқа, тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсарту мақсатында қажетті инженерлік инфрақұрылым жүйелері мен талапқа сай әлеуметтік нысандар бой көтеретін болады.

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

 - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи шешімінің арқасында Қасиетті түркістан қаласы бүкіл түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы ретінде өркендеуіне  үлкен серпін берілді. Қазіргі таңда Түркістан қаласы еліміздің  рухани жаңғыруының символы мен ел мақтанышына айналуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістанның дамуына ерекше көңіл аударады. Қысқа мерзімде ауқымды жұмыс атқарылды. Тарихи-сәулет, әкімшілік-іскерлік орталықтардың, көлік және инженерлік инфрақұрылымның, тұрғын үй аймағының құрылысы қарқынды түрде жүргізілді.

 

Фото: zakon.kz 


×