Қазақстан АСЕАН елдерімен байланысты кеңейтуді мақсат тұтып отыр

Қазақстан АСЕАН елдерімен байланысты кеңейтуді мақсат тұтып отыр

Оңтүстік Шығыс Азия елдерімен қатынасты нығайту және АСЕАН-мен байланысты кеңейту – Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл туралы бейнеконференция режимінде өткен 41-ші АСЕАН ПАА Бас Ассамблеясының пленарлық отырысында сөз сөйлеген Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин мәлімдеді. Халықаралық жиында әлемдік жеткізу тізбектерін қалпына келтіру, қазіргідей күрделі геосаяси жағдайларда көлік-логистикалық бағыттардың ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

«Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бүкіл Еуразия құрлығында серіктестік құру туралы Үлкен Еуразия стратегиялық идеясы ерекше өзекті болып отыр. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету үшін Еуразиялық экономикалық одақ желісі бойынша АСЕАН-мен өзара іс-әрекетті дамыту әлеуетті болып табылады», - деді Нұрлан Нығматулин.

Сондай-ақ,  күн тәртібіне сәйкес бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Парламенттің COVID-19-дан кейін аймақтағы ынтымақтастық пен экономиканы қалпына келтірудегі рөлі, жұмысшы әйелдер үшін жұмыс пен кірісті қамтамасыз етуде Парламенттегі әйелдердің рөлін арттыру, ПАА АСЕАН жас Парламент өкілдерінің бейресми кездесуі туралы мәселелер қаралды.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, осы форматтағы экономикалық байланыстарды нығайту континент елдерінің дамуына, экономикалық өсуіне және азаматтардың әл-ауқатының артуына қуатты серпін бере алады. 670 миллионға жуық халқы бар АСЕАН, жалпы ішкі өнімі 3,5 трлн долларды және сыртқы сауда айналымы 4,5 трлн доллар құрайтын ең ірі аймақтық ұйымдардың бірі.

 

Фото: express-k.kz


×