Пандемияның отандық мұнай саласына әсері

Пандемияның отандық мұнай саласына әсері

Жаһандық пандемия еліміздің мұнай саласына әсер етпей қоймады. Қатерлі індеттің өршуі салдарынан Қарашығанақ мұнай-газ кеніші карантинге жабылғаны белгілі. 4 мыңнан аса адам еңбек ететін алпауыт кәсіпорында вирус анықталысымен осындай шұғыл шешім қабылданды. Эпидемиялогиялық тәртіп күшейтіліп,  түнгі ауысымда жұмыс тоқтады. Өзге өңірлерден келетін жұмысшылардың тізімі қысқарып, вахтадағы қызметкерлердің жұмыс күндері ұзарды.

Ал эпидемия ошағына айналған Теңіз кенішінде жағдай тұрақталған кезде ғана қызметкерлер жұмысына оралады. Бұл туралы бүгін Атырау облысының әкімі  мәлімдеді. Осы уақытқа дейін кен орнынан 18,5 мың жұмысшы шығарылған.

«Кен орнынан жұмысшыларды шығарудағы мақсат – адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау. Сол арқылы қауіпті індеттің таралып кетуіне жол бермедік. Теңіз кен орнында жұмыс тоқтап, адамдар жұмыссыз қалады деген мәселе туындап отырған жоқ. Кеніштегі жұмыс жалғасын табады. Мұндағы ахуал тұрақталған соң жұмысшылар жұмыс орнына оралады», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Әлемге таралған коронавирустың өршуі мұнай өндірісіне де айтарлықтай әсер еткенін энергетика министрі Нұрлан Ноғаев та айтты.  Министрлік осыған сәйкес жылдық жоспарына өзгертулер енгізуге мәжбүр болған.

«2019 жылы мұнай өндіру 90,5 млн тоннаны құраған болатын. Алайда мұнай бағасының құбылмалығы және пандемия кезінде әлемдік экономиканың тұрақсыз даму жағдайында биыл мұнай өндіру жоспарын 86 млн тоннаға, яғни 4,5%-ға төмендеттік», - дейді энергетика министрі

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендейін, бір жағынан кеніштерде коронсавирус тарап, екінші жағынан ОПЕК+ келісім аясында өндіріс көлемін шектеу қажеттігі туындауы ел экономикасына қалай әсер етуі мүмкін? Көптің көкейіндегі сауалды белгілі экономист Сапарбай Жұбаевқа қойған болатынмыз. Экономистің айтуынша еліміз мұнай өндірісінен гөрі бағасының өсуіне мүдделі. Мұнай өндірісінің айтарлықтай азаюы экономикаға соққы болғаны анық. Дегенмен қазақстандық мұнайға сұраныс бар. Ал ұсыныс пен сұранысты тең ұстау қашанда маңызды.

«Қазақстан рұқсат етілген шектеу көлемін сақтап қалады деп ойлаймын.  Экономиканың алтыдан бір бөлігі мұнайға тәуелді болғаннан кейін оның үлесін азайту үшін баламалы салаларды дамыту керек.  Ол үшін әсіресе ауыл шаруашылық, тамақ өнеркәсібі, фармацевтика, туризм сынды басқа салаларды дамытуымыз керек. Бүгінгі  күні тау кен өнеркәсібі, металлургия, мыс өндіру, мұнай өңдеу салаларында  жиналған және  Ұлттық қордағы қаржы біздің жақын уақыттағы экономикамызды қамтамасыз етеді», - дейді экономист Сапарбай Жұбаев

Сарапшының айтуынша, бүгінде еліміздегі мұнай-газ саласы ЖІӨ-нің 15% құрайды. Ал қазына кірісінің жартысына жуығы осы саланың үлесіне тиесілі. Ал бюджет толығу үшін баға өсуі керек. Қазірдің өзінде мұнай құны альянстың өндірісті азайтуына ықпал етті.  Мысалы Brent маркалы өнім наурыздың ортасында 36 доллардан асқан. Соңғы рет мұндай көрсеткіш 25 жыл бұрын тіркелген.

Автор: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: shell.com.kz


×