Қазақстан мен Нидерланд арасындағы экономикалық ынтымақтастық нығая түседі

Нидерланд – Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі. Соңғы мәліметтерге сәйкес, біздің республикамыздың аумағында сегіз жүзден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы 15 жыл ішінде экономикалық серіктестік аясында Қазақстанға Корольдіктен тікелей инвестициялар ағыны 90 млрд доллардан асқан. Қазақстан Нидерланд еліне шикі мұнай мен мұнай өнімдерін, ферроқорытпалар мен титан экспорттайды. Өз кезегінде дәрілік заттар, көліктер мен жабдықтарды, жоғары технологиялық құрылғылар мен қондырғыларды, ауылшаруашылық өнімдерін импорттайды.

ДИРК АЛЕВЕН, «ГРИН КАПИТАЛ ҚАЗАҚСТАН» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Ақтөбеге 2017 жылдан бастап инвестиция құйып келеміз, бұл өңірдің экономикасына 30 миллион еуродан артық қаржы салдық. Алдағы екі жылда тағы да осынша қаржы құюды жоспарлап отырмыз. Яғни, 60 миллион еуро инвестициялаймыз. Бұл өңірде тағы 10-20 жыл жұмыс істеуді көздеп отырмыз, Қазақстаннан кетуге еш себеп жоқ. Ақтөбеде табиғи газ жеткілікті, өз ісіңді дөңгелетуге де қолайлы жағдай жасалған әрі Ресей нарығына жақын, жылыжай бизнесін дамытуға да болады, күн суық болғанымен, күннің көзі жарғыраған кездер көп болады.

Нидерланд елі – Еуропаның логистикалық порты. Ал Қазақстан Орталық Азияның логистикалық хабына айналмақ. Бұл тығыз ынтымақтастық орнатуға зор мүмкіндік береді, - дейді Нидерланд-Қазақстан бизнес қауымдастығының тең төрағасы.

ХЕНК НИБУР, НИДЕРЛАНД-ҚАЗАҚСТАН БИЗНЕС ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТЕҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Бүгінде Қазақстан экономикасын дамытудың басымды 5 бағыты бар, олардың бірі – агросекторды дамыту. Нидерланд – шағын ел болғанына қарамастан, әлем бойынша ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттайтын екінші мемлекет. Бізде ауыл шаруашылығы жақсы дамыған, бұл салада өз ісін дөңгелетіп, сырт елдерде жұмыс істегісі келетін инвесторлар да көп. Қазақстан олардың технологияларын пайдалана отырып, ауыл шаруашылық өнімдерінің әлемдік өндірушісі бола алады.

Фото: 24.kz


×